Венгрияның Aranynektár Kft компаниясы Қазақстанда бал өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ара шаруашылығы саласындағы Еуропаның жетекші компанияларының бірі — венгриялық Aranynektár Kft Қазақстан аумағында бал өндіру және өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді.

Жоба барысы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Aranynektár Kft компаниясының бас директоры Ференц Фульмермен кездесуінде талқыланды.

Жобаның мақсаты — заманауи, жоғары технологиялы, экологиялық таза әрі Еуропалық одақ стандарттарына сай экспортқа бағытталған өнім өндіретін кәсіпорын құру.

«Қазақстанда ара шаруашылығы саласының тұрақты өсуіне қажетті барлық жағдай бар — қолайлы климат, экологиялық таза орта, дамыған ғылыми база және мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары. Біз мұндай өндірістерге мүдделіміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жобаны іске асыру ел ішінде қосылған құнды қалыптастыруға ғана емес, қазақстандық балдың экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЕО нарығында лайықты орын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.

2024 жылы Қазақстанда бал өндірісі 5 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға артық. Жалпы көлемнің 58%-дан астамын Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай және Жетісу өңірлері қамтамасыз етеді.

Мемлекет омарташыларға тікелей қолдау көрсетуде. 2025 жылдан бастап жаңа субсидиялау тетігі енгізілді — сатылған әрбір килограмм бал үшін 200 теңге төленеді. Бұл омарталардың рентабельділігін арттыруға және саланы дамытуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, 2024–2026 жылдарға арналған мемлекеттік ғылыми зерттеулер бағдарламасы аясында аралардың генофондын тиімді пайдалану жүйесін әзірлеу және экологиялық қауіпсіз өндіріс технологияларын енгізу бағытында қаржыландыру қарастырылған. Бұл шаралар өнім сапасын арттыруға және халықаралық, соның ішінде ЕО нарығы талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өз кезегінде Aranynektár Kft компаниясының бас директоры Ференц Фульмер Қазақстандағы ара шаруашылығы саласының зор әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Aranynektár Kft — Венгриядағы ірі бал өндіруші және экспорттаушы компания. Компанияның өндірістік қуаттылығы жылына 4 мың тоннаға дейін бал өндіруге жетеді, оның шамамен 80%-ы Еуропалық одақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспортталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1053826?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді