Жастар және мемлекеттік қызмет: болашаққа бастар жол

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекеттік қызмет саласында білімді, білікті, жаңашыл ойлайтын жастардың болуы – қоғамның дамуы мен елдің өркендеуінің басты кепілі. Бүгінгі таңда Қазақстанда жас буынды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту бағытында бірқатар ауқымды бағдарламалар мен бастамалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – мемлекет пен қоғамның болашағына салынған инвестиция.

Мәселен, Қарағанды облысында табысты жүзеге асырылып келе жатқан жобалардың бірі – «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі». Аталған мектептің басты мақсаты – мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын талантты әрі белсенді жастарға теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды үйрету. Бұл жоба – мемлекеттік қызметке бет бұрған жастар үшін үлкен мүмкіндік алаңы.

Сонымен қатар, жастарды мемлекеттік қызметке тарту  мақсатында, облысымыздың  жоғары оқу орындары мен колледждерінде кәсіби бағыт-бағдар беру кездесулері, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері,  «Ашық есік» күндері өткізіліп келеді.

Бұл шаралар студенттердің мемлекеттік қызмет туралы жан-жақты ақпарат алып, болашақ мансаптық жолын саналы таңдауға ықпал етеді.

Заңнамалық өзгерістер де жастарға жол ашып отыр. 2022 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер – осының жарқын дәлелі.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3.33-тен  төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметке 1 жыл ішінде конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие.

Бұл бастама бір жағынан – білікті, білімді жастарды мемлекеттік қызметке тартуға септігін тигізсе, екінші жағынан  – олардың аудандық және ауылдық деңгейде тәжірибе жинақтап, жергілікті басқару жүйесін                     меңгеруіне жол ашады.

Жастар үшін тағы бір ерекше мүмкіндік – Президенттік жастар кадр резерві. Бұл бастама – талантты, басқарушылық әлеуеті бар жастар үшін әлеуметтік лифт бола отырып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын көшбасшыларын тартудың тиімді құралы. Резервке енген жастар 2 жыл ішінде   мемлекеттік қызметте  жоғары тұрған лауазымдарға конкурстан тыс тағайындала алады.

Сонымен қатар, жергілікті деңгейде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – Өңірлік кадр резерві. Бұл жоба облыстар, қалалар мен аудандар деңгейіндегі басқарушы кадрлар корпусын жаңарту, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға бастамашыл, жас мамандарды тарту мақсатын көздейді. Бұл резервке енген жастар әкімдіктер мен басқармалардағы  лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігіне ие.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік қызмет еліміздің  тұрақты дамуы мен қоғамдық  игілікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктердің бірі. Бұл салада жұмыс істеу жас мамандарға кәсіби даму мен жеке  өсудің кең мүмкіндіктерін ұсынады.

Ең алдымен, мемлекеттік қызмет – тұрақтылықтың кепілі. Жас мамандар үшін  тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек құқығының сақталуы – болашақты сенімді жоспарлауға  мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әрбір  жас  маманның  қызметтік сатыда меритократия қағидаты негізінде білімі мен білігіне сай бағаланып, көтерілу мүмкіндігі де бар.

Мемлекеттік қызмет жастарға еліміздің дамуына тікелей үлес қосуға жол ашады. Бұл –  үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен сенім де.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет  жастарға тәртіптілік, жауапкершілік пен адалдық сияқты құндылықтарды сіңіреді. Бұл қасиеттер кез келген салада қажет болады және  болашақ көшбасшыларды  қалыптастырады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Қарағанды облысы

бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп кеңесінің төрағасы

Ж. Сәрсен

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shahtinsk/press/news/details/1054120?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді