
«ҚазжолҒЗИ» АҚ-на Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшілері Күнсұлу Закария мен Әсел Жанасова барып, институттың жұмысымен танысты.
Іс-шара барысында делегацияға институттың ғылыми-инновациялық қызметі, зерттеу инфрақұрылымы және жол құрылысы саласындағы заманауи әзірлемелері таныстырылды». Ерекше назар Астана қаласында орналасқан заманауи сынақ зертханасына аударылды. Аталған зертхана жол-құрылыс материалдарының сапасын зерттеу мен бақылауға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Іс-шараға Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Габдуллина, «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева, сондай-ақ институттың жетекші ғалымдары қатысты. Сонымен қатар жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі секторының меңгерушісі Жансұлу Макажанова, ішкі саясат бөлімі консультанты Гүлден Окатаева, Жоғары білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Әлия Сембаева және Цифрлық үкіметті қолдау орталығының өкілдері қатысты.
Қонақтарға институт ғалымдарының жол жабындарының төзімділігін арттыруға, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау шығындарын азайтуға, сондай-ақ инновациялық, әрі экологиялық қауіпсіз шешімдерді енгізуге бағытталған ғылыми-зерттеу нәтижелері мен бірқатар тың әзірлемелері таныстырылды.
Кездесу барысында жол саласын ғылыми сүйемелдеуді дамыту, жобалаудың жаңа тәсілдерін енгізу, цифрлық деректер базасын кеңейту, жол-құрылыс материалдарын сынаудың заманауи әдістерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар стандарттау және инновациялық технологияларды енгізу бағытында қазақстандық және халықаралық ғылыми институттардың күш-жігерін біріктіру қажеттілігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1054835?lang=kk
Жауап қалдыру