АҚЕРМЕН АЙШЫҚТЫ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауданымызда өтіп жатқан «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдениет және өнер байқауының кезекті кезеңі Ақермен ауылдық округінде жалғасты. Бұл жолғы өнер мерекесі ерекше форматта ұйымдастырылып, көрермен қауымға тың серпіліс сыйлады.

Шара қонақтарды салтанатты түрде қарсы алудан басталды. Ауыл алаңында ұлттық нақыштағы көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жергілікті шеберлер мен қолөнер иелерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтарға арнап жырдан шашу шашылып, мерекенің шымылдығы түрілді.

Іс-шараның ең басты ерекшелігі – ауыл өнерпаздарының дайындаған «Саяхат көлігі» атты шығармашылық тұжырымдамасы болды. Арнайы автобустың макетін жасап, оны сахнаға әкелген өнерпаздар көрерменді ел ішіндегі рухани сапарға шақырды. «Көлік» алғашқы аялдама – «Абай Құнанбайұлы» бекетіне тоқтағанда, сахнаға шыққан әртістер ұлы ақынның әндерін шырқап, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл сәт көрерменді Абайдың асыл мұрасына тағы бір мәрте терең бойлатты.

Келесі аялдама – «Конституция» бекеті. Мұнда өнерпаздар Ата Заңымыздың 30 жылдығына орай тарихи мәліметтер мен мазмұнды қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар, сахна төрінде меркілік белгілі ақын, жерлесіміз Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына арналған жыр жолдары оқылып, әндер орындалды.

Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Ақермен өнерпаздары әртүрлі сала қызметкерлерінің киімін киіп, олардың бейнесін сомдап, әсерлі флешмоб көрсетті. Ауыл әжелері дәстүрлі «жүн сабаур» рәсімін сахналады, ал жас буын ұлттық ән-күймен көрерменнің қошеметіне бөленді.

Мереке аясында жұмысшы мамандықтары, Абай Құнанбайұлының мерейтойы және Шырын апа шығармашылығына арналған мазмұнды көрмелер ұйымдастырылды. Ауыл жастары мен спорт сүйер қауым үшін спорттық жарыстар өтті.

Кеш соңында қазылар алқасы сөз алып, өнерпаздарға жылы лебіздерін білдірді. Мерекелік бағдарлама әсем от шашумен түйінделіп, көрермен көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.

Ақермендіктердің жаңашылдыққа толы бұл кеші байқаудың мақсат-міндеттерін толық ашып, аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1055249?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді