
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы аясында және отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отбасым – алтын діңгегім» атты тағылымдық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны аудандық «Ардагерлер кеңесі» мен «Отбасын қолдау орталығы» бірлесіп өткізді.
Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, аудандық «Созақ үні» газетінің бас редакторы, жазушы Мақсат Қарғабаев, «Сырлы Созақ» хор ұжымы, арнайы шақырылған үлгілі отбасылар, ардагерлер және аудан жастары қатысты.
Кездесуді ашқан Қабылбек Еспенбетов отбасы құндылықтарының мәні мен ұлттық дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. Ал «Отбасын қолдау орталығы» бөлімшесінің басшысы Біржан Саржанов қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
Басқосуда ауданымыздың үлгілі отбасылары өмірлік тәжірибелері мен жетістіктері жөнінде бөлісіп, жастарға өнегелі ақыл-кеңестерін айтты. Көрермендерге «Созақ серілері» мен «Сырлы Созақ» хор ұжымы әсем әндерден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында үлгілі отбасыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай кездесулердің жастарға өнеге болатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1055581?lang=kk
Жауап қалдыру