
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2025 жылғы 22 тамызда Петропавл қаласының Орталық саябағында «Eco Move Qyzyljar» ауқымды экологиялық акциясы өтті. Шараны «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ Жастар бастамалары бөлімі ұйымдастырды. Мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығына назар аударту және табиғатты қорғау мен туған жерді көркейтуге азаматтарды жұмылдыру.
Акция саябақ аумағын тазалаудан басталды. Қатысушылар қаланың негізгі демалыс орындарының бірінің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосты. Бұдан кейін түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Жастар «Миф пе, әлде шындық па?» спорттық-экологиялық викторинасына қатысып, «Таза Қазақстан» тақырыбында суреттер мен ұрандар бейнеленген плакаттар жасады, табиғи материалдардан – жаңғақ, жапырақ, бұтақтардан қолданбалы бұйымдар әзірледі. Бағдарламаның қорытынды бөлігінде өңірдің интернационалдық бірлігін айқындаған «Достық ойыны» спорттық жарысы өтті.
Шараға жастар белсенділері мен еріктілері, білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ облыс аудандарындағы Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері мен еріктілері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 500-ден асты, бұл өңір тұрғындарының экология мәселелеріне және туған жердің тазалығына деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
«Eco Move Qyzyljar» жай ғана саябақ тазалығымен шектелмей, экология, шығармашылық пен достықтың мерекесіне айналды. Мұндай бастамалар жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастырып, оны қорғауға белсенді атсалысуға ынталандырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1055523?lang=kk
Жауап қалдыру