
Ақтөбе қаласы барлық негізгі салаларда тұрақты өсім көрсетуде. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 100,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 7,9 пайызға өскен. Инвестициялар көлемі 47,5 пайызға артып, құрылыс жұмыстарының ауқымы 89,2 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші — 6 пайызға, көтерме сауда — 2,3 пайызға, бөлшек сауда 0,3 пайызға артқан. Аймақтық тауар айналымындағы үлесі — шамамен 90 пайыз, ал өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 40 пайызға жуық.
Қалада көлік инфрақұрылымын жаңғырту, инженерлік желілерді салу және жаңарту, қоғамдық алаңдарды абаттандыру жобалары іске асырылып жатыр.
Қаланы дамыту және ірі жобаларды іске асырудың негізгі бағыттарының бірі — коммуналдық тұрғын үй құрылысы. Қазіргі таңда қаланың Есет батыр тұрғын ауданында 2 011 пәтерлі 12 үйдің құрылысы салынып жатыр. Бұған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін тоғыз қабатты 10 үй мен Жаңақоныста 140 пәтерлік бір жатақхана пайдалануға берілмек.
Облыстық бюджеттен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізуге 480,7 млн теңге көлемінде несие бөлінген. Жеделсатыларды жаңартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Биыл шамамен 420 млн теңгеге 30 лифт ауыстыру жоспарланған.
Инженерлік коммуникациялар саласында су, газ және электр желілерін тарту мен кеңейтуге 15 миллиард теңге қарастырылған. Қаланың 54 тұрғын массивінің 36-сы орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Биыл Шилісай-1, 2, Парасат, Думан, Мағаджан сияқты бірнеше тұрғын массивіне су құбырын тарту аяқталады және жаңа аумақтарда жобалар басталады. Газдандыру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Атап айтсақ, 50 тұрғын алабына газ қосылған, тағы төртеуіне желі тартылады.
Жол инфрақұрылымын салу және қайта жаңарту жұмыстарына 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Биыл көпірлер мен жолдарды қайта жаңарту бойынша үш ірі жоба аяқталмақ. Кірпішті тұрғын ауданындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту бойынша тамыз айында жаңа көпірдің қала бағыты қолданысқа беріліп, көне көпір бөлігінің жұмысы басталады. Сонымен қатар осы көпірден Ақтөбе-Орск автожолына дейін автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының 8,8 шақырымы аяқталды. Қазіргі таңда асфальтбетон жабындысын төсеуге негіз дайындалып жатыр. Абаттандыру жұмысының 80 пайызы орындалды. Бұдан басқа Зинченко көшесі бойындағы көпірді жаңарту құрылысының да негізгі жұмыстары аяқталды, асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар ұзындығы 36 шақырымнан асатын 28 жаңа жол салынып жатыр, оның 18-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бүгінде қала көшелерінде 80 учаскеде күрделі жөндеу, 15 көшеде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.
Жоспарланған жобаларды кешенді іске асыру қаланың абаттандыру деңгейін айтарлықтай арттырып, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1055775?lang=kk
Жауап қалдыру