Астанада «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпаздарымен сыр-сұхбат ұйымдастырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектепте ұлы ақынның 180 жылдығына орай «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты республикалық «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздарымен сыр-сұхбат ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шара – қазақ халқының дана ойшылы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың ой-санасын оятуға бағытталған. Кездесуге танымал жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен әр жылдардағы «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары қатысты. Шараны ұйымдастырушы, белгілі абайтанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Алмақан Мұқаметқалиқызы Абайдың рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталып, Абайды адамзаттық деңгейде нәсихаттау керек екендігін атап өтті.

«Абай – қазақ халқының бойтұмары. Ол – тек қазақ жұртының ғана емес, күллі адамзат баласының ортақ рухани қазынасы. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын тереңінен тануға жол ашу, сонымен қатар республикалық «Абай оқулары» байқауының тарихына үңілу. Аталған байқау алғаш рет 1996 жылы бастау алған болатын. Енді, міне, келер жылы бұл байқауға 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдар аралығында талай талапты жас Абай шығармашылығымен сусындап, өзінің шығармашылық жолына алғашқы қадамдарын осы байқаудан бастаған еді. Бүгінгі кездесуге шақырылған қонақтар да – кезінде осы «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары атанған, ал бүгінде елге танымал тұлғаларға айналған азаматтар. Адам – адамнан тәлім алады, жақсы қасиетті бойға сіңіреді. Осындай жүздесу, пікір алмасу арқылы жастар Абайды одан әрі тереңірек танып, үлкен ойға бойлайды. Сондықтан да осындай рухани кештерді жиі өткізіп тұру – парызымыз», – деді Алмақан Мұқаметқалиқызы.

Кеш барысында Абайдың жүрек тербеткен сырлы әндері шырқалып, поэзиясына жан бітірген өлеңдері мәнерлеп оқылды. Жеңімпаздар өздерінің Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін жеткізіп, ақынның ой-толғамдары мен адамгершілік жайлы тұжырымдарын қазіргі заманмен сабақтастырып, өз көзқарастарымен бөлісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1056331?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді