
ШҚО еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушы өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нықтай түсуде. 2025 жылғы 28 тамыздағы жағдай бойынша облыста 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген, оның ішінде 136 келісімшарт пен қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған 238 лицензия бар. Бұл жөнінде ШҚО кәсіпкерлік және индустрия басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Өңір экономикасының негізін түсті металлургия саласы құрайды. Полиметалл кендерін өндіруде дәстүрлі түрде көш бастап тұрған кәсіпорындар – «Казцинк» ЖШС (Риддер, Алтай қалалары) және «Востокцветмет» ЖШС (Глубокое мен Шемонаиха аудандары). 2024 жылы кен өндіру көлемі төмендегідей болды:
• Полиметалл кендері — 3,9 млн тонна
• Қорғасын — 28 мың тонна
• Мырыш — 128 мың тонна
• Мыс — 51 мың тонна
• Алтын — 8,9 тоннадан астам
Геологиялық барлау жұмыстары мемлекет пен бизнес тарапынан белсенді түрде қолдау табуда. Соңғы 10 жыл ішінде жаңа кен орындарын іздеуге республикалық бюджеттен шамамен 18 млрд теңге бөлінді. 2012–2024 жылдар аралығында алтын, мыс, темір және сирек металдарға қатысты 10 жаңа кен орны есепке алынды.
2023 жылы жер қойнауын пайдалануға салынған инвестициялар көлемі 372,1 млрд теңгені құрады, оның 14,2 млрд теңгесі геологиялық барлауға бағытталған. Инвестициялардың негізгі бөлігі — жалпы көлемнің 88%-ы — полиметалл кендерін игеруге жұмсалған.
Геологтардың мәліметінше, өңірдің ресурстық әлеуеті әлі толық игерілген жоқ. ШҚО аумағында 250-ден астам кен орны бар, олардың 80-і – рудалық. Сонымен қатар, болашағы зор алтын шоғырланған жайпақтар, Песчанка ильменит кен шоғырлары, Кендырлық көмір кен орны және 140-тан астам кең таралған пайдалы қазба учаскелері бар.
2024–2027 жылдарға арналған ҚР геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасы аясында, ШҚО аумағында республикалық бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеге қаржыландырылатын 9 нысанда жұмыстар жүргізілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1058753?lang=kk
Жауап қалдыру