Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуы – халқымыз үшін айрықша тарихи белес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Конституцияның мемлекеттігіміздің берік іргетасы, тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы екеніне баса назар аударды. Шын мәнінде, Ата заң – әрбір қазақстандықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын басты құжат, еліміздің демократиялық дамуының кепілі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақ халқы ежелден дала заңын ардақтап, әділдік пен ар-ұятты бәрінен жоғары қойған. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды құқықтық дәстүрлер – бүгінгі Ата заңымыздың тарихи бастауын айғақтайтын асыл мұра. Бұл сабақтастық – халқымыздың құқықтық мәдениетінің тереңдігін көрсетеді.
1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция егемендіктің құқықтық негізін қалады. Ал 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған қазіргі Конституция – жаңа тарихи жағдайға толық сәйкес келіп, мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол ашты. Ата заңды әзірлеуге отандық заңгерлермен қатар, шетелдік сарапшылардың да қатысуы, миллиондаған азаматтың ұсыныс беруі – оның шынайы халықтық сипатқа ие болғанын дәлелдейді.
Президент Тоқаевтың әділ бағасы бойынша, Конституцияның қабылдануында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев шешуші рөл атқарды. Бұл – еліміздің құқықтық жүйесін қалыптастырудағы маңызды тарихи шындық.
Осылайша, Ата заңымыз – ел бірлігінің, әділеттіліктің, құқық үстемдігінің басты кепілі. Конституцияны қастерлеу – әр азаматтың борышы, ал оны сақтап, жаңғыртып отыру – мемлекетіміздің мәңгілік дамуының кепілі.
Молдагазинова Ш.У.- зейнеткер
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-uspenka/press/news/details/1059733?lang=kk
Жауап қалдыру