
Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға аудан әкім қатысып, айтулы мерекемен құттықтады.
-Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды егемен еліміздің ең басты мерекесінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі де, қасиетті ұғым болса, сол ұғымның түпкі негізі – мемлекеттің біртұтастығына тікелей байланысты. Ал Ата Заң – мемлекеттің іргетасын бекітумен қатар әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басты бағдары. Сондықтан дана халқымыз «Заң бар жерде тәртіп те, тәрбие де, тағылым да бар» деп бекер айтпаған. Конституциямызға құрмет көрсету – ел тұрғындарының бұлтартпас парызы. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтап, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!- деді аудан әкімі.
Салтанатты шарада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар Түркістан облысы және Сарыағаш аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген салатанатты іс -шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, айтулы мерекемен аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы құттықтай отырып, ауданның белсенді азаматтарын марапаттады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1058343?lang=kk
Жауап қалдыру