Өңірдің тұрақты дамуы: 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімдігінде ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылуы қорытындыланды, сондай-ақ осы кезеңдегі «Өңірлік жұмыспен қамту картасының» іске асырылуы талқыланды.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы экономикасының тұрақты өсімін көрсетіп отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,6% құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 802,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,7% құрады.

Өңір экономикасына салынған инвестициялар 769 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26,7%-ға жоғары. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 5,9%-ға өсіп, 329,4 млрд теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығындағы өсім 10,1% құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 325,9 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 238 мың шаршы метрді құрады – бұл жылдық жоспардың 100%-ы.
Ішкі сауда көлемі 15,8%-ға өсіп, 1 367,7 млрд теңгеге жетті. Көлік саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 14,6%-ға, байланыс саласында 10,2%-ға артты.

Облыстың барлық аудандарында оң динамика тіркелді. Салалық басқармалардың болжамы бойынша, 10 айдың қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің одан әрі жақсаруы күтілуде.

Сонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байханов жекелеген аудандар бойынша бірқатар проблемалық бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, Ақсу қаласында өнеркәсіптік өндіріс көлемінің, Железин және Аққулы аудандарында инвестиция көлемінің төмендеу тәуекелдері, сондай-ақ Павлодар ауданында тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынының төмендеуі атап өтілді.

Осыған байланысты өңір басшысы даму қарқыны баяу аудандар мен қала әкімдеріне экономикалық көрсеткіштерді арттыру үшін шұғыл шаралар қабылдауды, резервтерді анықтап, жергілікті жерлерде жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Салалық басқармаларға жыл соңына дейін өнеркәсіп саласында оң динамиканы сақтау міндеті қойылды.

Бюджеттің атқарылуы бөлігінде облыстық бюджеттің шығындары 457 млрд теңгені (жоспар бойынша – 460,1 млрд теңге) құрады немесе 99,3%. Өңір республика бойынша бюджеттің атқарылуы бойынша 2 орында тұр және жылдық жоспарды орындауда көш бастап тұр. Қалалар мен аудандардың бюджеттері 99,7%-ға орындалды. 1 қарашадағы кірістер бойынша болжам – 100%, шығыстар бойынша – 99,1%.
2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша облыстық бюджеттің кірістері 314,7 млрд теңгені (жоспар бойынша – 305,4 млрд теңге) құрады немесе 103,1%. 9,3 млрд теңге асыра орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістердің өсімі 44,3 млрд теңгені (116,4%) құрады.

Өңір басшысы басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне 10 ай мен жыл қорытындысы бойынша бюджетті толық әрі тиімді игеруді тапсырды. Қаржы басқармасына бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтіп, игерілмей қалу және республикалық бюджетке қайтару фактілеріне жол бермеуді тапсырды.

Жиналыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасының» іске асырылуына да баса назар аударылды. 2025 жылы 25,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде 18,6 мыңы тұрақты жұмыс орындары. 1 қазандағы жағдай бойынша 25 541 адам жұмысқа орналасқан, бұл жоспардың 100,2%-ын құрайды. Оның ішінде 18 326 адам (98,7%) тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. 20 731 адамда (81,1%) міндетті зейнетақы жарналары бар. Зейнетақы жарналарының деңгейі бойынша облыс республикада 2 орын алады – 81,3% (республика бойынша орташа көрсеткіш – 69,0%). Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру бастамасы 107,5%-ға орындалды.

Облыс әкімі жалпы алғанда 9 айда жұмыспен қамту жоспары артығымен орындалғанын атап өтті: 9 105 адам жұмысқа орналастырылып, олардың 80%-дан астамына міндетті зейнетақы жарналары төленуде.

Алайда кейбір аудандарда жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Успен ауданында өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу деңгейі 86,6% құрады. Ақтоғай мен Железин аудандарында жұмысқа орналасқан адамдардың шамамен 30%-да зейнетақы жарналары жоқ.

Өңір басшысы Успен, Ақтоғай және Железин аудандарының әкімдеріне жағдайды тез арада түзету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жұмыс берушілер арасында бақылау шараларын 100% қамтамасыз етіп, 2025 жылдың соңына дейін өңірлік жұмыспен қамту картасының барлық іс-шараларын толық аяқтауды міндеттеді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1090348?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді