
Ертіс ауданының балалар шығармашылық және бос уақытты қамту орталығында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шеберлік сабағы ұйымдастырылды. «Адал Азамат» бағдарламасы мен «Ұрпақ үні» жобасы аясында өткен кездесуге әжелер мен балалар қатысып, салт-дәстүр мен ұлттық өнердің маңызы кеңінен насихатталды.
Шеберлік сабақтың басты мақсаты — салт-дәстүрді жаңғырту ғана емес, оны бүгінгі баланың жүрегіне жақындату. Қатысушылар қазақы тұрмыстың мән-мағынасын дәріптейтін бұйымдармен танысты.
Сандық — отбасылық берекенің белгісі, көрпе — мейірім мен қонақжайлықтың нышаны екені айтылып, әрбір ою-өрнектің астарындағы мағына тарқатылды. Балалардың көзіне ұлттық нақыштың сұлулығы мен терең философиясы ерекше әсер еткені аңғарылды.
Тәрбиелік мазмұнды заманауи форматпен ұштастырған ерекше бастама ретінде асық ойынының «Монополия» үлгісіндегі жаңа нұсқасы таныстырылды. Ұлттық ойынның бүгінгі балаларға лайықталған бұл форматы қатысушылардың қызығушылығын арттырып, алаңды шат күлкіге толтырды.
Ұрпақтар сабақтастығын өмірлік ұстанымына айналдырған «НұрАна» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жарасова Қадиша Алхамбекқызы:
«Дәстүрді сақтау және оны келесі ұрпаққа аманат ету — біздің басты борышымыз. Осындай кездесулер халықтың рухани жадын сақтап, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді нығайтады», — деп атап өтті.
Ал ардагерлер кеңесінің өкілі Гунжель Любовь Фёдоровна ұлттық құндылықтарды заманауи элементтермен үйлестіре отырып жеткізудің маңызын тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Іс-шара соңында балаларға тәтті сыйлықтар таратылып, әжелерге арнап ортақ дастархан жайылды. Бұл көрініс — қазақы қонақжайлықтың, мейірім мен ілтипаттың шынайы белгісі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1153150?lang=kk

Жауап қалдыру