
Отырар ауданында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Асылбек Жақсыбек Бейсенбекұлын еске алуға арналған волейболдан 2013–2014 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында облыстық турнир өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, ардақты азаматтың ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ол өз сөзінде ұстаздың өнегелі өмір жолы мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі бүгінгі жастарға үлгі екенін айтып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Жақсыбек Бейсенбекұлының ұлдары Сағынбек пен Әуесбек әкелерінің адамгершілігі мен елге сіңірген еңбегі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Мұнан соң турнирдің бас төрешісі Сәрсенбек Жолдас ойын ережесімен таныстырып, спортшыларға әділ ойын көрсететініне сенім білдірді. Одан әрі Мемлекеттік Әнұран орындалып, облыстық ашық біріншілік басталып кетті.
Асылбек Жақсыбек Бейсенбекұлы 1955 жылы Балтакөл ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын білім саласында бастап, Балтакөл ауылдық округінің әкімі, Отырар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ өмірінің соңғы жылдарында Түркістан қалалық білім бөлімін басқарып, халық ағарту ісіне зор үлес қосты.
Турнирдің мақсаты – елге адал қызмет еткен тұлғаның есімін ұлықтау және жас спортшыларды отансүйгіштікке, салауатты өмір салтына баулу.
Облыстық жарысқа Арыс қаласы мен Мақтаарал, Ордабасы, Түлкібас, Сауран, Шардара, Бәйдібек және Отырар аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Тартысты өткен бәсекеде Шардара ауданының командасы ІІІ орынды иеленді. Ал финалда Отырар ауданының командасынан басым түскен Арыс қаласының волейболшылары жеңімпаз атанды. Ал, Отырар ауданының командасы ІІ орынға тұрақтады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар, кубоктар және естелік сыйлықтар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1152869?lang=kk

Жауап қалдыру