
2026 жылғы 6 ақпанда ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Арыстан» полимерлі құбырлар шығару зауытына барды.
Астана құбыр зауыты полимерлі құбыр жүйелерін шығаратын жетекші отандық өндірушілердің бірі болып табылады. Кәсіпорын полимерлі шикізатты терең өңдеуге маманданған және мұнай-газ секторы, ТҮКШ, өнеркәсіп пен АӨК-ке арналған өнімдердің кең түрін шығарады. Зауыттың 15 экструзиялық желісінің өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.
Сапар барысында вице-министр технологиялық процестің негізгі кезеңдерімен, өндірістің оқшаулану деңгейімен, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуда қолданылатын өнімдердің ассортиментімен танысты.
Зауыт басшылығымен өткен кездесуде құбыр саласын дамытудың өзекті мәселелері мен оларды жүйелі түрде шешу бойынша ұсыныстар талқыланды.
«Қазақстан өңдеу саласына және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық береді. Біз ішкі тұтыну көлемінен бірнеше есе асатын, полимер өнімдерін шығаратын қуатты мұнай-газ химиясы зауыттарын салып жатырмыз. Ел үшін экономикалық тиімділікті және бюджетке түсетін түсімдерді барынша арттыру үшін полимер өнімдерін қайта өңдеушілерді қолдау маңызды, себебі негізгі маржиналдылық осы сегментте шоғырланған. Алайда қазір полимерлі құбыр өнімдерін қайта өңдеуші-өндірушілер ішкі нарықта бірқатар қиындықтарға тап болуда — бұл жиі импортталатын шойын және бетон құбырлармен бәсекелестік, жосықсыз өндірушілердің бағаны негізсіз төмендетуі және соның салдарынан өнім сапасының нашарлауы. Осындай мәселелермен күресу үшін Энергетика министрлігі 2026 жылы қабылданатын «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заңды» әзірлеуде. Біз үшін елде жоғары маржиналды және экспортқа бағдарланған өндірістерді іске қосуға қолайлы жағдай жасау маңызды», — деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Аралау қорытындысы бойынша вице-министр мұнай-газ химиясын дамытудың және полимерлі шикізатты терең өңдеудің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, мұндай өндірістердің экономиканы әртараптандыруға және елдің тұрақты өнеркәсіптік дамуын қамтамасыз етуге қосатын үлесіне тоқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1156894?lang=kk

Жауап қалдыру