
Будапешт, 2026 жылғы 5 ақпан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының «Oeconomus Economic Research Foundation» директоры Антон Бендаржевскиймен кездесуі барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Тараптар жаһандық экономикалық және саяси үдерістердің өзгермелі жағдайында сараптамалық диалог пен аналитикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Мажарстанның сыртқы экономикалық басымдықтарына, сондай-ақ елдің өңірлік өзара іс-қимыл форматтарындағы, оның ішінде Вишеград тобы аясындағы рөліне ерекше назар аударылды. Вишеград төрттігі елдерінің орнықты даму, экономикалық кооперация және өңірлік тұрақтылық мәселелері бойынша ұстанымдарын үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде жүріп жатқан үдерістер, оның ішінде экономикалық серпін, инфрақұрылымдық бастамалар және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін негізгі логистикалық бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылды.
Кездесу кезінде Қазақстандағы ішкі саяси реформалар, оның ішінде саяси жүйені жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған конституциялық реформаны іске асыру мәселелері бойынша да пікір алмасу болды.
Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі мемлекеттердің бірі ретіндегі өңірлік тұрақтылықты, экономикалық интеграцияны және өңірдің транзиттік әлеуетін дамытуға қосып отырған елеулі үлесі ерекше атап өтілді. Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың Еуропа мен Азия арасындағы жаңа байланыстарды қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқаны атап көрсетілді.
Сонымен қатар, Мажарстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы рөліне, сондай-ақ оның Еуропалық одақ, Орталық Азия елдері және тұтастай түркі әлемі арасындағы диалогты дамытуға қосып отырған үлесіне жеке назар аударылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1156893?lang=kk

Жауап қалдыру