Маңғыстауда мәжбүрлі неке және сталкингке қатысты заңнама талаптары түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстауда мәжбүрлі неке және сталкингке қатысты заңнама талаптары түсіндірілді

Маңғыстау облысында әйелдердің құқығын қорғау және отбасылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы заң талаптары түсіндірілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Жақсыгүл Маханбетова айтты.

Спикердің айтуынша, ҚР заңнамасына сәйкес неке тек екі тараптың еркін әрі саналы келісімі негізінде ғана қиылуы тиіс. Соған қарамастан, «дәстүр» деген желеумен қыз алып қашу деректері әлі де кездеседі. Мұндай жағдайларда кейбір бойжеткендер өз еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүр болып жатады.

-Қыз алып қашу – салт-дәстүрдің бір көрінісі деп айтылғанымен, бұл әрекет заң алдында қылмыс болып саналады. Көпшілік мұны біле тұра мән бермей жатады. Әдетте жауапкершілікке қызды алып қашқан жігіттер тартылады, ал оған көмектескендер назардан тыс қалып жатады. Сондықтан қоғамда, әсіресе оқу орындарында студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы (Адамды ұрлау) және 126-бабы (Бас бостандығынан заңсыз айыру) нормаларына сәйкес, егер адамды еркінен тыс ұстап тұру немесе алып қашу некеге мәжбүрлеу мақсатында жасалса, бұл: айыппұл салуға, бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға
әкеп соғады.Сонымен қатар, ҚР ҚК 194-бабы (Бопсалау) мен 115-бабы (Қорқыту) да қысым көрсету, психологиялық мәжбүрлеу арқылы некеге итермелеу жағдайларында қолданылады. Маңыздысы – дәстүр немесе әдет-ғұрып заң алдында жауапкершіліктен босатпайды, – деді Жақсыгүл Маханбетова.

Брифинг барысында қоғамда жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі – сталкинг мәселесі көтерілді. Сталкинг – адамды оның келісімінсіз жүйелі түрде аңду, мазасын алу, қорқыту немесе байланысқа мәжбүрлеу әрекеттерін қамтитын құқыққа қайшы іс-әрекет.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Жандос Ахметов аталған құқықбұзушылықтың қоғамға тигізер кері әсеріне тоқталды.

-Сталкинг қоңыраулар шалу, әлеуметтік желілер арқылы мазалау, үздіксіз хабарламалар жазу, адамның соңынан қалмай жүру сияқты түрлі формада көрініс табуы мүмкін. Мұндай әрекеттер азаматтардың жеке өміріне қол сұғу болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келеді. Сталкинг үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң бұзушыға айыппұл салу, әкімшілік қамауға алу немесе өзге де заңда белгіленген жазалар қолданылуы мүмкін, – деді Жандос Ахметов.

Спикердің айтуынша, әрбір азамат өз әрекетінің басқа адамға психологиялық немесе моральдық зиян келтіруі мүмкін екенін түсінуі тиіс. Жеке кеңістікті құрметтеу және өзгелердің тыныштығын бұзбау – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1157057?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді