
Бүгін, 13 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданына жұмыс сапарымен барып, теміржол вокзалына жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында өңір басшысына «Маңғыстау» вокзалының реконструкциялау жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Жоба тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан жүзеге асырылуда.
Жаңа вокзал заманауи талаптарға сай салынып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 8 899 шаршы метрді құрайды. Вокзал тәулігіне кемінде 2 500 жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар заманауи үлгідегі нысан жолаушылардың қозғалысын жеңілдететін инженерлік жүйелермен жабдықталады. Атап айтқанда, жүк көтергіштігі 600 және 1000 келі болатын 6 жолаушылар лифті, 2 эскалатор және 5 жылжымалы жол (траволатор) орнатылады.
Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасын салу, қабырғалар мен жабын конструкцияларын монтаждау жұмыстары 63 пайызға, ал сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары 50 пайызға орындалған. Құрылыс алаңында 57 адам және 9 арнайы техника жұмыс істеуде.
Аймақ басшысы вокзалдың заманауи әрі ыңғайлы болуы тұрғындар мен қонақтар үшін аса маңызды екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 125 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Бұл жоба аясында Маңғыстау облысында «Маңғыстау», «Бейнеу» және «Шетпе» вокзалдары қайта жөнделіп жатыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1161812?lang=kk

Жауап қалдыру