
Душанбе, 2026 жылғы 16 ақпан – Душанбеге ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.
Тараптар достық, өзара сенім және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген саяси диалогты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Екіжақты қатынастарды тереңдету және өңірлік мәселелер бойынша күш-жігерді үйлестіру тұрғысынан жоғары және ең жоғары деңгейлердегі тұрақты байланыстардың маңызы аталып өтті.
Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон арасындағы жеке қарым-қатынастардың жоғары деңгейін, сондай-ақ ең жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан үшін Тәжікстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту – маңызды басымдық. Екі мемлекеттің басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестігіміз сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды», – деп мәлімдеді Қазақстан СІМ басшысы.
Өз кезегінде С.Мухриддин екіжақты қатынастардың одақтастық сипаты Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дәстүрлі тату көршілік пен өзара құрмет рухына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өзара сауданы ұлғайту, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі қосымша шаралар талқыланды. Қазақстан көптеген жылдар бойы Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына тұрақты түрде кіреді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Тараптар мемлекет басшылары айқындаған тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсатына қол жеткізу үшін келісілген шаралар қабылдауға уағдаласты.
Сұхбаттастар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық перспективаларына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кооперацияны дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту мәселелеріне жеке тоқталды.
Министрлер су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарап, су ресурстарын ұтымды әрі өзара тиімді пайдалану және энергетикалық әріптестікті дамыту маңызын атап өтті.
Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, өңірлік бағыттар мен халықаралық дәліздердің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстан мен Тәжікстан Еуропа, Кавказ және Оңтүстік Азияның ірі нарықтарына өзара қолжетімділік бере отырып, елеулі транзиттік әлеуетті іске асыра алатыны жөнінде ортақ пікір білдірді.
Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық құрылымдар аясындағы сындарлы ынтымақтастық және екі мемлекеттің халықаралық бастамаларына өзара қолдау көрсетуіне назар аударылды. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасып, халықаралық алаңдарда күш-жігерді тығыз үйлестіруге дайын екендіктерін растады.
Тараптар қол жеткізілген өзара түсіністік деңгейіне қанағаттанушылық білдіріп, екі ел халықтарының мүддесі үшін қазақ-тәжік әріптестігін одан әрі нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Е.Көшербаев сондай-ақ Душанбе қаласындағы Дусты (Достық) алаңында тәжік мемлекеттілігінің негізін қалаушы және алғашқы билеушісі Исмоил Сомони ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1162914?lang=kk

Жауап қалдыру