Алматы әкімі GITEX AI Central Asia & Caucasus Kazakhstan халықаралық көрмесінің ұйымдастырушыларымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 1981 жылдан бері жаһандық технологиялық трендтерді қалыптастырып келе жатқан, әлемдегі ең ірі технологиялық көрме – GITEX-тің ғаламдық ұйымдастырушысы inD компаниясының өкілдері Трикси Ло Мирманд пен Руперт Адаммен кездесті.

Кездесу барысында Алматыда GITEX AI Central Asia & Caucasus Kazakhstan көрмесін өткізу мәселелері және оны ұйымдастырудың нақты қадамдары талқыланды. Қала әкімі атап өткендей, Алматы брендтің Орталық Азияға ену нүктесіне айналып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға және технологиялық стартаптарды ілгерілетуге жаңа мүмкіндік ашады.

«Алматы өңірдегі жетекші IT-хаб ретінде өзін әлдеқашан танытты: мұнда технологиялық компаниялар, халықаралық орталықтар шоғырланған және белсенді стартап-экожүйе құрылған. GITEX форумын өткізу бұл жетістіктерді халықаралық деңгейде таныстыруға және қалаға жаңа серіктестер мен инвесторларды тартуға мүмкіндік береді», – деді Дархан Сатыбалды.

Оның айтуынша, инфрақұрылымды дайындау мәселесіне ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, «Атакент» ҚІЫО алаңын жаңғырту, логистиканы ұйымдастыру және барлық тартылған қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету көзделген. Алматы әкімі салалық басқармаларға ұйымдастырушылармен бірлесіп, дайындықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеп, оның нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

inD компаниясының бас директоры, GITEX-тің ғаламдық ұйымдастырушысы Трикси Ло Мирманд өз сөзінде:
«Алматы Еуропа мен Азия тоғысындағы маңызды инновациялық орталықтардың біріне айналып келеді. Бұл – Қазақстанның цифрлық және жасанды интеллект бағытындағы амбициялары нақты экономикалық инфрақұрылымға ұласатын қала. GITEX осы үдерісті жеделдету үшін аса қолайлы кезеңде келіп отыр. Бұл өңірдің технологиялық әлеуетін, инвестициялық тартымдылығын және жаһандық байланысын күшейтеді. Нәтижесінде аймақ жасанды интеллектке негізделген жаңа экономиканың маңызды қатысушысы ретінде орнығады», – деп атап өтті.

Оның айтуынша, 45 жылдан астам уақыт ішінде GITEX үкіметтер, корпорациялар, стартаптар, инвесторлар және технологиялық экожүйенің негізгі ойыншылары арасында сенімді серіктес ретінде халықаралық беделге ие болып, әлемдегі ең ірі технологиялық іс-шаралар брендіне айналды.

Бүгінде GITEX 14 қала мен елде, соның ішінде Абу-Даби, Дубай, Бразилия, Египет, Германия, Қазақстан, Кения, Марокко, Нигерия, Сербия, Сингапур, Түркия және Вьетнамда өткізіледі.

GITEX AI Central Asia & Caucasus Kazakhstan көрмесі Алматыда 2026 жылы 4–5 мамыр күндері өтеді. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен стартаптар, инвесторлар және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысады. Көрменің өткізілуі қала мен бүкіл өңір үшін маңызды оқиғаға айналып, технологиялық саланың дамуына, халықаралық әріптестікті нығайтуға және инновациялық экономиканы құруға қосымша серпін береді.

2026 жылғы экспозиция үш басым бағытқа шоғырланады: жасанды интеллект (технологияларды қалалық орта мен бизнеске интеграциялау), GovTech (Қазақстанның цифрлық мемлекеттік қызметтер саласындағы жетістіктерін таныстыру), киберқауіпсіздік (деректерді және бұлттық есептеулерді қорғау шешімдері), сондай-ақ іс-шараның қала экономикасына ықпалы (жылжымайтын мүлік, валюта және инвестициялар) қарастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1163742?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді