
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Қазпошта» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Нұрдәулет Лесбаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі пошта-логистикалық, қаржылық және агенттік қызметтердің дамуы, халыққа көрсетілетін сервистердің сапасын арттыру және филиал инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда «Қазпошта» филиалы өңір тұрғындарына пошта, логистика, қаржы және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын ұсынып отыр. Облыста 83 пошта бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде Семей қаласында 8 бөлімше және 7 аудандық пошта байланыс торабы бар. Ауылдық елді мекендерде 75 пошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетіп, жалпы саны 14 мыңнан астам ауыл тұрғыны қамтылған. Филиалда 546 қызметкер еңбек етеді. Алдағы уақытта Семей қаласындағы бөлімшелер санын арттыру жоспарланып отыр.
Кездесуде филиалдың бірқатар проблемалық мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, автопарктің 50 пайыздан астамы тозғаны, бірқатар пошта нысандарына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, цифрлық сервистерді дамыту және пошта инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтіп, кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынатынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1165707?lang=kk

Жауап қалдыру