
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы 2025 жылы атқарылған жүйелі жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындардың жеке мәселелері қаралып, оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Ауыл тұрғындары жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан әкімінің ашықтық танытып, нақты мерзімдерді атап өткеніне ризашылықтарын білдірді.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы мәслихаттың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
2025 жылы Құркелес ауылдық округінде бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Ақниет елді мекенінде электр желілерін жаңарту және трансформатор орнату жұмыстары жүргізілді. Ақниет және Ақүй елді мекендерінде ауыз судың ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылды. Ақүй елді мекенінде 14 көше жарық шамы орнатылды.
Еңкес және Жылысу елді мекендерінде воркаут алаңшаларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құлтума және Құркелес елді мекендерінде ашық футбол алаңшалары мен воркаут алаңдары салынып, ел игілігіне тапсырылды. Бірқатар елді мекендерде аяқжол құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Еңкес елді мекенінде балалар ойын алаңшасы мен воркаут алаңшасы пайдалануға берілді. С.Айни көшесіндегі апатты жағдайдағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жаңаталап елді мекенінде аяқжол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық жоспарына сәйкес жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын 7 көшенің электр желілері жаңартылды. Құркелес елді мекенінде де электр желілерін жаңарту және трансформатор орнату жұмыстары атқарылды. Келес елді мекенінде «Актив» ұялы байланыс базалық станциясы орнатылды.
Сондай-ақ, жеке инвестор есебінен 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Жаңаталап, Нұрлы жол және Береке елді мекендерінде жеке инвестор қаржысы есебінен 3 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған елді мекендерде 4 көшеге жалпы ұзындығы 3,6 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Береке елді мекенінде 40 көше жарық шамы орнатылып, аяқжол құрылысы толық аяқталды. Дастан елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Алғабас елді мекенінде ауыз судың ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, округ аумағындағы 2 шақырым канал мен 9,9 шақырым қашыртқы арналарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жаңаталап ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2026 жылға арналған жол картасына бірқатар маңызды жобалар енгізілді. Атап айтқанда, Жаңаталап, Дастан, Еңкес және Ақниет елді мекендерінде спорт және воркаут алаңшаларын орнату жоспарлануда.
Жаңаарық елді мекеніндегі 5 көшенің 3,4 шақырым аумағында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жылысу елді мекенінің Қазақстан және Бәйтерек көшелерінде (2 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Құркелес елді мекеніндегі 6 көшеге (2,7 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселеді. Құлтума елді мекеніндегі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Береке елді мекенінде 9 көшеге (4,5 шақырым) ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында М.Ғабдулин, С.Мұқанов, А.Молдағұлова, С.Ерубаев көшелеріндегі жалпы ұзындығы 2,9 шақырым электр желілері жаңартылатын болады. Келес елді мекеніндегі медициналық нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу де 2026 жылға жоспарланып отыр.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1165684?lang=kk

Жауап қалдыру