ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ УКРАИНА ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСІП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Виктор Майкомен кездесті. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Украина арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Нақтырақ айтқанда, өңіраралық байланысты нығайту, бірлескен өндірістік жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктері жан-жақты қаралды.
▪️Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
📌– Қазақстан мен Украина – маңызды экономикалық серіктестер. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 1995 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Украина үкіметаралық комиссиясы құрылғаннан бері белсенді дамып келеді. Бұл өзара байланыстарды нығайтуға елеулі ықпал етті. Бүгінде Қазақстанда украин капиталының қатысуымен 1200-ге жуық компания табысты жұмыс істеуде. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысындағы «UBC Group» ЖШҚ-ның өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіру жобасы. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 72 мың данаға дейін жетеді. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – түркі әлемінің мәдени астанасы әрі түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасын сақтауда маңызды рөл атқарады. Өткен жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, бұл туризм саласына инвестиция тартуға үлкен әсер етті. Облыс табиғи ресурстарға бай. Мұнда уран, алтын, темір кені, көмір және фосфориттердің елеулі қоры бар. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бірінші орында. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Түркістан облысы – тарихи-мәдени ескерткіштерімен, көркем табиғатымен және сауықтыру кешендерімен ерекшеленетін еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Біз шетелдік компаниялардың қатысуын арттыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді болады деп сенеміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
▪️Кездесу барысында елші екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
▪️2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 10,5 млн АҚШ долларына жетті. Нақтырақ айтқанда, экспорт – 0,5 млн АҚШ доллары, импорт – 10 млн АҚШ доллары. Қазақстаннан Украинаға негізінен мұнай, металдар, химиялық өнімдер, ауыл шаруашылығы тауарлары және көмір экспортталады. Өз кезегінде Қазақстан Украинадан жоғары технологиялық жабдықтар, дәрі-дәрмек және өзге де өнімдерді импорттайды.
▪️Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. 21 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4 мың гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мұнда қатысушылар салықтық жеңілдіктерді пайдаланып, жобаларын төмен шығынмен жүзеге асыра алады. Сонымен қатар өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу үшін тиімді шарттар ұсынатын «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасын дамыту жалғасуда.
▪️Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Аталған кездесу өңіраралық әріптестікті нығайтуға және жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыруға серпін береді деп күтілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1166611?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді