Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелері қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылы ведомствоның цифрлық экожүйесі 20 млн азаматты қамтып, 16 ақпараттық жүйені біріктірді. 6,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 28%-ы – проактивті форматта. Электрондық еңбек биржасы арқылы 500 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Бос жұмыс орындарын іріктеу және мүгедектікті белгілеу кезінде шешімдерді қолдау үшін ЖИ модельдері енгізілді. 40-қа жуық цифрлық бастама іске асырылуда және QazTech ұлттық экожүйесіне көшу басталды.

2025 жылдың қорытындылары мен 2026 жылға қойылған міндеттерге арналған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алқа отырысында осы және өзге де нәтижелер туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) президенті Ерасыл Жұманбаев хабарлады.

ЕРДО Еңбек министрлігінің ірі мемлекеттік цифрлық экожүйелерінің бірін сүйемелдейтінін естеріңізге сала кетейік. Ол зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауды, жұмысқа орналастыруды, көші-қонды және инклюзивті шараларды қоса алғанда, мемлекеттік қызметтердің 49 түрін қамтамасыз етеді. Оның ішінде 45 қызмет толығымен электрондық форматқа ауыстырылған.

Еңбек министрлігі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру шеңберінде бірқатар негізгі бастамаларды іске асыруда. Олардың қатарында негізгі әлеуметтік салалардың деректерін біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастыру бар.

Сондай-ақ ведомствоның негізгі жобаларының қатарында 6 миллионнан астам отбасы үшін қалыптастырылған Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді. Отбасылар әл-ауқаттың бес санаты бойынша бөлінеді, бұл әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.

2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Enbek.kz Электрондық еңбек биржасын 900 мыңнан астам жұмыс беруші мен 3,3 миллион жұмыс іздеуші пайдаланды. 2025 жылы платформада 1,3 млн бос жұмыс орны және 1,5 млн түйіндеме орналастырылды, барлық жұмыс іздеушілердің 91%-ы (1,1 млн-нан 1,0 млн). Еліміздегі жұмыссыздардың 96%-ы (922 мыңның 891 мыңы) мансап орталықтарына бармай-ақ онлайн тіркеледі. Сондай-ақ нақты жұмыс іздеушілердің түйіндемесіне бос жұмыс орындарын таңдайтын ЖИ моделі енгізілді.

«Жұмыспен қамтуды дамытудың келесі кезеңі ЖИ базасында проактивті Цифрлық жұмыспен қамту қызметін құру болмақ. Әлеуетті ізденушілердің цифрлық пулы қалыптастырылады және олардың дағдылары туралы деректер жиналады. Жүйе сәтті жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары жеке жұмыспен қамту маршруттарын қалыптастырады. Азаматтармен коммуникация бос жұмыс орындары мен қолдау шаралары туралы дербес хабарламалар беретін eGov Mobile қосымшасы арқылы жүргізілетін болады. Еңбек шартын тіркеу және міндетті жарналардың түсуі арқылы жұмысқа орналасуды ұдайы цифрлық верификациялау көзделген. Осылайша толық цикл қалыптасады – жүйе адамды жұмыс іздеуден бастап расталған жұмысқа орналасқанға дейін дербес сүйемелдейтін болады», – деп түйіндеді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Ерасыл Жұманбаев.

Баяндама барысында ол сондай-ақ «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкіне» инклюзия саласында ЖИ моделін енгізу туралы хабарлады. Жүйе комиссияға шешім қабылдауға көмектеседі, субъективтілікті төмендетеді және мүгедектік тобын тағайындаудың негізділігін қосымша тексереді.

Ерасыл Жұманбаевтың айтуынша, модель 10 жылдық деректерде оқытылды, оның дәлдігі 83-88%-ды құрайды. Іске қосылған сәттен бастап 7 мыңға жуық тағайындау жүргізілді, бұл ретте 6 мың жағдайда комиссияның шешімдері жүйенің тұжырымдарымен сәйкес келді. Алдағы уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық деректерін қосу жоспарлануда, бұл негізсіз тағайындауларды 10-15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді».

Enbek.kz платформасында квоталарды автоматты түрде есептейтін, жұмыс берушілерді хабардар ететін және олардың орындалуын бақылайтын квоталау жүйесін автоматтандыру дайындалуда. Aleumet порталында жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері үшін цифрлық жұмыс орындарын құру және Қолжетімділік картасын біріктіру жоспарлануда. «Оңалтудың техникалық құралдары» жүйесінде қажетті құралдарды жалға алуға болады. Сондай-ақ мамандар үшін жаңа цифрлық құралдар пайда болады.

Жалпы, цифрлық трансформация жалғасуда: 40-қа жуық бастама, оның ішінде жасанды интеллектті қолдану арқылы 10-ы іске асырылуда. Сонымен қатар QazTech ұлттық экожүйесіне кезең-кезеңімен көшу басталды, бұл алдағы уақытта цифрлық сервистердің тұрақты әрі орнықты жұмысын қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1168575?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді