
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАҺАРЛЫ БОРАН: ЖОЛДАР ЖАБЫЛЫП, ПОЛИЦИЯ КӨЛІКТЕРДІ ҚАУІПСІЗ АЛЫП ШЫҚТЫ
22 ақпаннан бастап Қарағанды облысы аумағын ақтүтек боран басып, көзге түртсе көрінбейтін жағдай қалыптасты. Қатты жел мен қарлы боран салдарынан өңір арқылы өтетін республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолдар уақытша жабылды.
Трассаларда 500-ге жуық жеңіл автокөлік, 350-ге тарта жүк көлігі және шамамен 20 автобус жолда қалып қойды. Барлығы 2000-ға жуық адам қар құрсауында қалды. Әсіресе Қарағанды – Астана бағытында жағдай күрделене түсіп, 700-ге жуық автокөлік бір бағытта шоғырланды.
23 ақпан күні сағат 14:00-ден бастап патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысын кезең-кезеңімен жандандырып, көліктерді ілестіре алып жүруді ұйымдастырды. Теміртау – Астана бағыты бойынша автокөліктер полицияның бақылауымен қауіпсіз учаскелерге жеткізілді. Патрульдік полиция батальоны взводының командирі Даурен Әбдішевтің айтуынша, жолдың кей бөліктерінде қар үйінділері мен боран салдары әлі де сақталуда.
— Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көліктерді діттеген жеріне аман жеткізу. Сол үшін ілеспе алып жүру жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы қызмет атқаруда.
Жүргізушілерге үндеу: Дауылды ескерту жарияланған жағдайда алыс сапардан бас тартыңыз.
Жолға шығар алдында трассалардың жай-күйін ресми дереккөздерден нақтылаңыз.
Көлікті қысқы маусымға толық дайындап, жанармай қорын жеткілікті деңгейде ұстаңыз.
Өзіңізбен бірге жылы киім, ауыз су, зарядталған байланыс құралын алып жүріңіз.
Қарлы боран кезінде жылдамдықты азайтып, қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз.
Табиғат тосын мінез танытқан сәтте сабыр мен сақтық қана қауіптің алдын алады. Жолдағы әр шешім – адам өмірімен өлшенетін жауапкершілік.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1167524?lang=kk

Жауап қалдыру