
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АРҚАУЫ – ТЕҢДІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ
📌 «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Түлкібас ауданында «Тең қоғам» белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ауданның әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуге Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, коалицияның жергілікті өкілдері – Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сарсенбаев, партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, ел жанашыры Асланбек Нұранов, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Бейресми форматта өткен жиында барлық азаматтарға тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер қағидатының нақты және жүйелі түрде бекітілуі жаңа Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде атап өтілді. Ата заңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесі айқындалғанына баса мән берілді.
Парламент Сенатының депутатары еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясаты азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді. Осы тұрғыда мемлекеттік бюджеттің басым бөлігінің әлеуметтік салаға бағытталуы – халық мүддесіне негізделген стратегиялық шешім екенін айтты.
«- Әлеуметтік міндеттемелерді толық әрі сапалы орындау мемлекеттің басты жауапкершілігіндегі мәселе. Сондықтан, бюджеттің едәуір бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және халықты қолдау шараларына бағытталуы – Конституция жобасында көрсетілген әлеуметтік мемлекет қағидаттарының нақты көрінісі. Мемлекет ең алдымен адамға, оның әл-ауқатына, қауіпсіздігі мен болашағына инвестиция салады», – деп атап өтті Сенат депутаты Мұрат Болатұлы.
Мемлекет бюджетінде әлеуметтік шығыстарды арттыру – қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға және адами капиталды дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі екенін Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев та жеткізді. Әли Әбдәкірімұлының айтуынша, әлеуметтік салаға салынған әрбір қаржы – бұл елдің болашағына салынған инвестиция. Білімді ұрпақ, дені сау қоғам және әлеуметтік қорғалған азаматтар – тұрақты әрі қуатты мемлекеттің негізі деп байыптады.
Азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді кезең-кезеңімен арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау мәселелері мемлекеттің тұрақты назарында екенін Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев жеткізді.
Әлеуметтік сала қызметкерлерімен пікір алмасуда Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жаңа Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп танитынын атап көрсетті. Ал, Ата заңның 3-бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары бекітілгенін атап өтіп, бұдан былай бүкіл мемлекеттік саясат Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғауға арналатынын айтты. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – ең басты конституциялық құндылық ретінде белгіленгенін жеткізді.
«- Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп нақты айқындалған. Осының өзінен мемлекетіміздің әлеуметке, яғни халыққа бағдарланғанын, адам – оның ең басты құндылығы болып бекігенін көреміз», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Жаңа конституциялық өзгерістерді әлеуметтік сала қызметкерлері ерекше қызығушылықпен қабылдады. Азаматтардың әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы конституциялық талаптар бойынша Сенат депутатарына сауалдарын қойып, пікір алмасты. Коалиция өкілдері алдағы Референдум – ел болашағына жанашырлықпен қарайтын әрбір азамат үшін маңызды тарихи сәт екенін айта отырып, әлеуметтік әділеттілікті, тең құқықтар қағидатын және мемлекет кепілдіктерін конституциялық деңгейде бекітілуін қолдауға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-mayakum/press/news/details/1170390?lang=kk

Жауап қалдыру