
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан 2025 жылы жүйелі бақылау және қорғау шаралары жүргізілді.
Жыл қорытындысы бойынша департаментке 1319 жолданым келіп түскен. Оның 652-сі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы арқылы қаралған. Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер саны 20 пайызға артқан. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғауда уәкілетті органға деген сенімінің артқанын көрсетеді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтамау деректеріне (30%), тәртіптік жаза қолдану рәсімдерінің бұзылуына (12%), сондай-ақ бос әкімшілік лауазымдарға конкурс өткізу тәртібінің сақталмауына (9,3%) қатысты болған. Сонымен қатар, заңсыз жұмыстан босату және қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау фактілері тіркелген.
Департаменттің тексеру жұмыстары барысында мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп саласында 1322 заңбұзушылық анықталды. Оның 613-і жойылып, 58 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен бірге 20 құқықтық актінің күші жойылып, 31 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еңбек құқықтарын қорғау бағытында да бірқатар нақты шаралар қабылданды. Үстеме жұмысқа заңсыз тартылған мемлекеттік қызметшілерге 513 сағат қосымша тынығу уақыты беріліп, 220 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, іссапар шығындарының уақытылы төленбеуіне байланысты 1,3 млн теңге көлеміндегі қаражат өндіріліп, 13 қызметшінің құқығы қорғалды.
Мемлекеттік мүлікті пайдалану бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде қызметтік автокөліктермен жасалған құқықбұзушылықтардың 31,2 пайызы жұмыс уақытынан тыс кезеңде орын алғаны анықталды. Аталған деректер бойынша тиісті тәртіптік шаралар қолданылды.
Қорыта айтқанда, 2025 жылы атқарылған жұмыстар мемлекеттік қызмет саласында заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен халық сенімін арттырудың маңызды тетігі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1170625?lang=kk

Жауап қалдыру