ТҮРКІСТАНДА МЕРУЕРТ ӨТЕКЕШОВАНЫҢ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласында қазақ кино және театр өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, «Қыз Жібек» көркем фильміндегі басты рөлді сомдаған аңыз актриса Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік кеш барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өнер майталманын мерейтойымен құттықтап, қазақ кино өнеріне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Қала басшысы мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Іс-шара аясында «Конгресс Холл» шығармашылық ұжымының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, сахна төрінде өнер иесіне арналған арнайы қойылымдар мен музыкалық нөмірлер ұсынылды. Кеш қонақтары қазақ өнерінің саңлағына құрмет көрсетіп, шығармашылық жолындағы табысты еңбегін жоғары бағалады.
Өз кезегінде Меруерт Өтекешова көрермендерге және ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, өнер жолындағы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, жас ұрпаққа өнерге адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, театр және кино әртісі Меруерт Өтекешова 1968 жылы Алматы қаласындағы №66 орта мектепті тәмамдап, 1969–1973 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтының театр факультетін, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында білім алған. Еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бастап, сахнадағы алғашқы рөлін Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі арқылы сомдады.
Қазақ кино өнеріндегі ең жарқын образдардың біріне айналған Қыз Жібек бейнесі арқылы Меруерт Өтекешова ұлттық мәдениет тарихында айрықша із қалдырды. Сахна мен кино саласындағы көпжылдық еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болып, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясымен марапатталған. Сондай-ақ «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Меруерт Өтекешова – театр сахнасында да, кино әлемінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1170624?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді