
26-27 ақпанда Көкшетау қаласында ҚР Президентінің әкімшілігі өкілдерінің және ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басшылығының қатысуымен Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің көшпелі іс-шарасы өтті.
Сапардың негізгі мақсаты – өңірлік штабтың есірткіге қарсы қызметінің тиімділігін және аймақтағы профилактикалық жұмыстың жай-күйін бағалау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша кешенді шаралар әзірлеу болды.
Іс-шараның бірінші күні делегация Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенттерімен, колледждер мен қала мектептерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Аталған кездесулерге шамамен мыңға жуық жасөспірім мен жастар қатысты. Ерекше әсер қалдырғаны – оңалтудан өтіп жатқан азаматтардың сөз сөйлеуі болды: олардың құлдырау мен қайта қалыпқа келу жолындағы шынайы оқиғалары кездесуді ресми жиыннан мазмұнды әрі мотивациялық диалог алаңына айналдырды.
Сапар аясында облыс әкімдігі басшылығының қатысуымен ведомствоаралық штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары өңірдегі есірткі ахуалы және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Әкімдіктің салалық басқармалары профилактикалық жұмыстар жөнінде есеп берді.
ҚР ІІМ ЕҚҚІҚ комитеті төрағасының орынбасары Қ.Әлжанов және комитеттің профилактикалық жұмыс басқармасының бастығы Б.Әмірханов алдағы қызметтің басым бағыттарын айқындады. Ал Президент әкімшілігінің өкілдері жүйелі тәсілдің маңыздылығын және барлық мүдделі құрылымдар арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар №11 мектеп-гимназиясында оқушыларға дәріс оқылып, “Виртуалды таңдау – нақты өмір” атты инновациялық жоба таныстырылды. Интерактивті есірткіге қарсы квест пен тақырыптық мультфильм оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, тиімді профилактикалық құралға айналды.
Екінші күні делегация бейінді бөлімшелердің жұмысын бағалап, “Сенім” оңалту орталығына барды және Ақмола облысы ПД ЕҚҚІҚ басқармасының жеке құрамымен кездесу өткізіп, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі.
Көкшетауға жасалған сапар көрсеткендей, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл – бұл тек бақылау мен жауапкершілік қана емес, сонымен қатар сенімді диалог, қолдау және қауіпсіз болашақ жолында мемлекет пен қоғам күшін біріктіру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1171959?lang=kk

Жауап қалдыру