
2026 жылғы 9–10 ақпан күндері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Орталық кедендік зертханасына Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің өкілдерінен құралған делегация ресми сапармен келді.
Делегация құрамына Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті Кедендік сараптама орталық басқармасының бастығы Айдан Раджабова, сондай-ақ аталған басқарманың органикалық және бейорганикалық тауарларды сараптау бөлімінің бастығы Гюнай Юнусова-Гамидзаде кірді.
Орталық кедендік зертхана тарапынан іс-шараға ОКЗ басшысының міндетін атқарушы Есимова Мадина Манарбекқызы және зертхананың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Аталған сапар халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту, сондай-ақ кедендік сараптама саласында озық тәжірибемен алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында сараптамалық қызметті жетілдіру, заманауи аналитикалық әдістерді енгізу және зертханалық зерттеулердің сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
2026 жылғы 9 ақпанда әзербайжандық тарап өкілдеріне Қазақстан Республикасы ҚМ МКК Орталық кедендік зертханасының сынақ зертханаларын аккредиттеу мәселелеріне арналған презентация ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтар үшін зертхана бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, оның материалдық-техникалық базасы, негізгі қызмет бағыттары, қолданылатын аналитикалық әдістер мен сараптамалық рәсімдер таныстырылды.
Сапар бағдарламасында мұнай және мұнай өнімдерін зерттейтін зертханаларды аккредиттеу мәселелерін талқылау ерекше орын алды. Тараптар аккредиттеу талаптары мен рәсімдерінің практикалық аспектілері, сондай-ақ аталған саладағы зертханалық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу тәжірибесі бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің өкілдері Орталық кедендік зертхананың мұнай мен мұнай өнімдеріне сараптама жүргізу барысында қолданылатын заманауи зертханалық аспаптары мен жабдықтарымен, сондай-ақ қолданылатын талдау әдістемелерімен танысты.
Кездесу барысында кедендік сараптама бөлімшелерінің қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша «сұрақ-жауап» форматында пікір алмасу өтті, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары қарастырылды.
Өткізілген келіссөздер серіктестік қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадам болып, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, кедендік сараптаманың тиімділігін арттыруға бағытталған алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Бұл ынтымақтастық екі елдің азаматтары мен бизнес өкілдерінің мүдделеріне қызмет етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1173148?lang=kk

Жауап қалдыру