
Талдықорған қаласында жаңартылу жұмыстарынан кейін әлеуметтік дүкен ашылды. Жалпы, облыс орталығында «Жетісу» ӘКК желісі бойынша құрылған 7 әлеуметтік дүкен мен сөрелер жұмыс істейді. Онда азық-түлік тауарлары нарықтағыдан орта есеппен 20-25% төмен бағада, бұл жергілікті тұрғандардың негізгі азық-түлікті қолжетімді бағада сатып алуларына мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Халыққа пайдалы бұл сауда нысаны «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ қолдауымен және жергілікті кәсіпкерлермен ынтымақтастықтың негізінде ашылып отыр. Мұнда облыстың тұрақтандыру қорының және «айналым схемасына» тартылған өндірушілердің тауарлары сатылады. Бұл дүкен сөрелеріне әлеуметтік тауардың 19 түрі қойылған. Мысалы, І санатты жұмыртқа ондығының бағасы басқа да әлеуметтік дүкендердегі сияқты 550 теңге, күнбағыс майының литрі 510 тг, күріш – 380 теңге/кг, картоп – 180 теңге, сәбіз – 170 теңге/кг және т.б.
ӘКК өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік дүкендер ашу жұмысы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары аясында атқарылуда:
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорын қалыптастыру және кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беру арқылы жүзеге асырылды. Бүгінгі күнге аталған екі механизм бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің жалпы көлемі 6,3 мың тонна болатын 19 түрін жеткізуге арналған келісім-шарттар мен тауар қоры бар. Бұл азық-түлік біздің әлеуметтік дүкендеріміз арқылы делдалсыз, өндірушіден тікелей сатылады. Соның арқасында халыққа қолжетімді бағада саудалауға мүмкіндік жасалып отыр. Әлеуметтік тауарлардың бар болуы мен бағасы жағынан халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін аталған механизмдер бойынша тауар интервенциясы үздіксіз жүргізіледі, – деді «Жетісу» ӘКК АҚ әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бақтияр Сембеков.
Атап өтсек, жаңарған «JETI» әлеуметтік дүкені «Самал» шағын ауданында орналасқан.
Талдықорған қаласындағы 7 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сөрелердің тізімі:
- №1 әлеуметтік дүкен, Еркін ауылы, Бесшатыр көшесі, 75;
- №2 әлеуметтік дүкен, «Көктал» шағын ауданы («Бугор»), Амангелді көшесі, 47А;
- «Jetisy» әлеуметтік дүкені, Талдықорған қаласы, Алдабергенов және Рақышев көшелерінің қиылысы («Коммуналдық базар»);
- «Минимаркет» дүкені, Өтенай ауылы, Ынтымақ, Ә. Молдағұлова көшесі, 70/3;
- «Санжар» дүкені, Талдықорған қаласы, Пушкин көшесі, 239А (әлеуметтік сөре);
- «Жасмин» дүкені, Талдықорған қаласы, «Жастар» шағын ауданы, 15-үй (әлеуметтік сөре);
- «JETI» әлеуметтік дүкені, Талдықорған қаласы, «Самал» шағын ауданы, 43-үй.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1175115?lang=kk

Жауап қалдыру