
Түркістан облысына Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Леван Диасамидзе жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қарсы алып, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетіне кеңінен тоқталды. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы. Облыс орталығы – Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Қалаға ерекше мәртебе берілуі туризм саласына инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
– Өңір табиғи ресурстарға бай. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы республикада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша көш бастап келеді. Сонымен қатар өңір еліміз бойынша ірі қара мал етінің 80%-ын және ұсақ мал етінің 75%-ын экспорттай отырып, ет өнеркәсібінде жетекші орынға ие. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сондай-ақ аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастырылып, жобаларды тиімді іске асыруға қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, өндірістік нысандарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі бар шағын өнеркәсіптік парктер жүйелі түрде дамытылуда. Түркістан облысы еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі саналады. Аймақта тарихи-мәдени ескерткіштермен қатар, көркем табиғи ландшафттар мен сауықтыру кешендері орналасқан. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Туристік инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Өндіріс, туризм саласында әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Леван Диасамидзе Түркістанға алғаш рет келгенін, шаһардың сәулеті мен тарихи ескерткіштерінен өте жақсы әсер алғанын жеткізді.
– Түркістан ерекше сәулетті қала екен. Ұнады. Елші ретінде қызметке кіріскен соң Қазақстанның өңірлерімен танысып жүрмін. Грузия мен Қазақстан – өте жақын әрі бауырлас мемлекеттер. Мәдени, экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Ұсыныстар болса, қарастырамыз. Осы бағытта көмектесуге дайынмын. Біздің елімізге Қазақстаннан туристер көп келеді. Бұл салада да әлеуетті көтеруге болады, – деді елші.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 184,5 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 91,1 млн АҚШ доллары, импорт – 93,4 млн АҚШ доллары). Ал Түркістан облысы мен Грузия арасындағы тауар айналымы 0,5 млн АҚШ долларына жетті (экспорт – 0,4 млн АҚШ доллары, импорт – 0,1 млн АҚШ доллары). Бүгінде Қазақстанда грузин капиталының қатысуымен 250-ге жуық компания табысты жұмыс істеуде.
Қазақстан Грузияға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, металлургия және өнеркәсіп өнімдерін экспорттайды. Өз кезегінде Грузиядан сусындар (минералды және ауыз су, шарап), дәрі-дәрмек және басқа да тауарлар импортталады.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жолдарын қарастыруға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге уағдаласты.
Түкістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1175114?lang=kk

Жауап қалдыру