
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры, белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нартай Сауданбекұлымен кездесті.
Кездесу барысында өнер мекемесінің басшысы театрда соңғы жылдары жүзеге асқан жобалар, ұжымның жаңа бастамалары, шығармашылық жетістіктері және алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Абай атындағы театр тарихы тереңнен тамыр тартатын, еліміздегі іргелі өнер ордаларының бірі саналады. Театрда қазіргі таңда 7 Мәдениет қайраткері, 17 Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған, жиыны 66 адам еңбек етіп келеді. Сонымен қатар театр құрамында кіші симфониялық оркестр және балет әртістері тобы бар. Театр ұжымы былтыр Талдықорған қаласында өткен халықаралық «Biken Fest – III» фестивалінде «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклімен Гран-при иеленді. «Дариға-ай» жастар театры Жезқазғанда өткен халықаралық Ж. Хаджиев атындағы театр фестивалінде «Өз отыңды өшірме» спектаклімен Гран-при жеңіп алды.
Нартай Сауданбекұлы кездесуде театр қабырғасында облыс әкімінің төрағалығымен алғаш рет көркемдік кеңес құрылғанын айтты. Кеңес құрамына Қазақстан театр қайраткерлері одағы төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған елімізге танымал өнер қайраткерлері енген. Халықаралық театр күніне орай Семей қаласында көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өтеді. Онда өңірдегі руханият мәселелері, театрдың шығармашылық дамуы және алдағы жоспарлары талқыланады.
Былтыр өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Абай театры да бар. Облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Облыста 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды.
Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтіп, театр ұжымының шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен бастамалардың назарға алынатынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1179958?lang=kk

Жауап қалдыру