
Қарағандыда балалар церебралды сал ауруына (ДЦП) және жүйке жүйесінің басқа да ауруларына шалдыққан науқастар «Шипагер» орталығында кешенді оңалтудан өтуде. Емдеу және қалпына келтіру шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Мұнда жыл сайын жүздеген бала мен жасөспірім оңалту курсынан өтеді.

Орталық түрлі диагнозы бар балаларды қабылдайды: жарақат салдары, операциядан кейінгі жағдайлар, жүйке жүйесі аурулары және ДЦП. Әрбір пациент үшін мамандар жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Оған емдік дене шынықтыру, массаж, физиотерапия, логопед пен психологтың сабақтары, сондай-ақ су процедуралары кіреді.
Мысалы, Балқаш қаласынан келген 15 жастағы жасөспірім бірнеше жылдан бері «Шипагер» орталығында оңалту курсынан өтіп келеді. Ол ДЦП, туа біткен гидроцефалия және тетрапарез диагнозымен тіркелген. Осы уақыт ішінде жасөспірім орталықта сегіз рет оңалту курсынан өткен.

Орталықтың дәрігер-невропатологы Екатерина Маричеваның айтуынша, тұрақты оңалту күрделі диагноздардың өзінде науқастың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
— Біздің пациент медициналық оңалтудың барлық көлемін стандарттарға сәйкес алады. Оң динамиканы байқап отырмыз: спастика азайды, эмоционалдық жағдайы жақсарды, бала ашық әрі белсенді бола бастады, басқа балалармен қарым-қатынас орнатуда. Ол жылына екі-үш рет тұрақты түрде оңалту курсынан өтеді, бұл нәтижені бекіту үшін өте маңызды, — дейді дәрігер.
Баланың анасы мамандарға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіреді.
— Біз көптеген республикалық орталықтарда, сондай-ақ шетелде оңалту курсынан өттік. 2021 жылдан бері «Шипагерге» келіп жүрміз. Мұнда бізге өте ұнайды — жақсы нәтижені көріп отырмыз, баламның жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Ең бастысы — барлық көмек тегін көрсетіледі, — дейді Ырыскүл.

Орталықта түрлі бағыттағы мамандар жұмыс істейді, бұл балаларға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Тек 2025 жылдың өзінде мұнда «ДЦП» диагнозымен шамамен 200 бала ем қабылдаған.
Дәрігерлердің айтуынша, тұрақты медициналық оңалту жүйке жүйесі мен қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар балалардың жағдайын жақсартуда шешуші рөл атқарады. Кешенді тәсілдің арқасында пациенттер белсенді әрі дербес өмір сүруге мүмкіндік алады.
Қарағанды облысы бойынша Медициналық сақтандыру қоры филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1181984?lang=kk

Жауап қалдыру