
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен «Наурыз мейрамы жаңаша форматта – Наурызнама онкүндігі» аясында аталып өтуде. Осы тұжырымдама негізінде мерекенің жаңа логотипі бекітіліп, мазмұны байытылған онкүндік іс-шаралар жүйесі қалыптастырылды. Соған сәйкес, 18 наурыз – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ұлттық киім күні» ретінде белгіленген.
Аталған күн аясында Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен аудан әкімдігіне қарасты барлық мекеме қызметкерлері ұлттық мәдени мұраны насихаттау, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлер киіп, игі бастамаға белсене қатысты.
Таңғы сағат 09:00-ден бастап аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған мемлекеттік қызметшілер, бөлім басшылары мен қызметкерлер қазақтың ою-өрнегімен безендірілген шапан, камзол, кеудеше сынды дәстүрлі киімдерді киіп, бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы бастаған халық қалаулылары да ұлттық киім үлгісінде келіп, мерекелік іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.
«Наурызнама онкүндігі» аясындағы мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес жалғасады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1183826?lang=kk

Жауап қалдыру