
Наурыз мерекесінің шуағымен астасқан ұлттық құндылықтарды дәріптейтін игі шаралардың бірі – Ақсу қаласында өткен «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы «Наурыз нақыштары» атты қолөнер сайысы болды. Бұл байқау жас ұрпақтың бойына ата-баба мұрасын сіңіріп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды.
Сайысқа 5–10-сынып аралығындағы 50-ге жуық оқушы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Әрбір туындыдан балғын қиял, нәзік талғам және ұлттық нақышқа деген ерекше құрмет айқын сезілді. Оқушылар түрлі материалдарды үйлестіре отырып, қазақтың дәстүрлі өнерін жаңаша қырынан таныта білді. Олардың еңбектері тек қолөнер бұйымы ғана емес, ұлттық рухтың көрінісіне айналды.
Қатысушылардың жұмыстарын бағалауға ардагер ұстаздар шақырылып, әділ қазылық жасады. Қаланың құрметті азаматы Сламбекова Рымкеш Хамитқызы мен тәжірибелі педагог Ибраева Бақыт Шаймарданқызы әрбір жұмысты мұқият саралап, оқушылардың еңбегіне лайықты бағаларын берді.
Осындай тағылымды шаралар арқылы жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып, халқымыздың асыл мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуда. «Наурыз нақыштары» сайысы – дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған, тәрбиелік мәні зор, рухани байлықты насихаттайтын маңызды бастама.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1185417?lang=kk

Жауап қалдыру