ДӘСТҮРЛІ ДЕНСАУЛЫҚ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Наурыз мерекесінің қарсаңында Батыс Қазақстан облысының білім, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Х – Денсаулық-2026 спартакиадасының М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің спорт сарайы базасында ауқымды спорттық шараның салтанатты ашылуы өтті. Аталмыш спартакиадаға қатысушы командалар Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарынан жиналды. Салтанатты шараға облысымыздың салалық кәсіподақтарының белсенділері, білім және ғылым саласының әлеуметтік әріптестері, аудандық білім бөлімінің басшылары мен қалалық және аудандық кәсіподақ комитеті – Филиалдарының төрағалары мен құрметті ардагерлер қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев бұл дәстүрлі спорттық шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, БҚО «Кәсіподақтар орталығы» төраймы Айгул Есекенова, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов, құттықтауларын жолдап, мұндай бастамалардың ұжымдар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап өтті.
Денсаулық спартакиадасы волейбол, үстел теннисі және садақ ату сияқты спорт түрлері бойынша өз жалғасын табуда. Екі күнге созылатын додада қатысушылар өзара бақ сынап қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға, әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік алады.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бұл шара қатысушыларды бір арнаға тоғыстырып, достық пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. Дәстүрлі түрде оныншы рет ұйымдастырылған спартакиада өзінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді алаңына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/1185164?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді