ЭКСЖ Қоғамдық кеңесінде коммуналдық секторды цифрландыру барысы қарастырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биылғы 19 наурызда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру аясында ЭКСЖ Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

Жиында саланы цифрлық трансформациялаудың негізгі нәтижелері мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Отырыста Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова баяндама жасады.

Ол цифрландыру саланы басқарудың базалық инфрақұрылымына айналып отырғанын – сатып алу үдерістерінен бастап халыққа коммуналдық қызмет көрсетуге дейінгі барлық бағыттарды қамтитынын атап өтті.

Негізгі құралдардың бірі – 2025 жылғы 3 қарашада іске қосылған ЭКСЖ электрондық сатып алу платформасы. Платформа табиғи монополия субъектілерінің сатып алу рәсімдерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Оны бүгінде нарық қатысушылары белсенді қолдануда. 2026 жылғы 18 наурыздағы жағдай бойынша жүйеде жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 445 жоба бар. Оның ішінде 34 жоба белсенді жүзеге асырылу кезеңінде (152 млрд теңге), тағы 177 жоба (436 млрд теңге) конкурстарға дайын. Талдамалық тақта (аналитикалық дашборд) әр жобаның мәртебесін қадағалап, олардың жүзеге асырылуын нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде талдамалық модульді Bitrix негізіндегі ұлттық жобаларды басқару және мониторинг платформасымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Оны іске қосу осы жылдың сәуір айына жоспарланған. Бұл құрал өтінімдердің мәртебесін, пайдаланушылар белсенділігін және үдерістердің орындалу барысын қоса алғанда, негізгі көрсеткіштерді бақылауға, сондай-ақ басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қатысушыларды оқыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: табиғи монополия субъектілері үшін 15-17 оқу сессиясы, EPC-мердігерлер үшін 13 сессия өткізілді.

Тұрақты консультациялар мен онлайн-кездесулер ұйымдастырылып, цифрлық құралдарды тиімді енгізуге ықпал етуде. Кері байланыстың да маңызы зор. Байланыс орталығы іске қосылған сәттен бастап (8 7172 99 94 36) шамамен 1 070 өтінішті өңдеді, ал 2026 жылы өтініштер санының айтарлықтай өскені байқалады. ITSM жүйесі (support_meks@skc.kz) арқылы 256 техникалық өтініш қаралып, олардың 93%-ы жабылған. Сала өкілдері қатысатын (800-ден астам адам) WhatsApp топтарында 2000-нан астам сұрақ қарастырылды.

Жекелеген бағыттардың бірі – су, жылу, электр және газбен жабдықтау деректерін біріктіретін, азаматтар мен коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай цифрлық интерфейс ұсынатын Smart Turmys тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасын дамыту.

Платформаның архитектурасы мынадай негізгі модульдерді қамтиды: абоненттер мен жылжымайтын мүлік объектілерінің бірыңғай базасы, ЕРЦ-мен интеграцияланған бірыңғай төлем құжаты, сондай-ақ мемлекеттік және салалық жүйелермен ықпалдастырылған ресурстарды тұтынуды есепке алу жүйесі. Болашақта жасанды интеллект негізіндегі талдауды және пайдаланушыларға арналған жеке кабинеттерді дамыту жоспарланған.

Жобаны орындаушы ретінде Astana Hub алаңының резиденті Onesoft компаниясы нақтыланды, қаржыландыру Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жоспарлануда. Тиісті келісімге қол қою осы жылдың сәуір айында күтілуде.

«ЭКСЖ аясындағы цифрлық шешімдер барлық үдерістердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге, нарық қатысушылары арасында адалдық қағидаттарын қалыптастыруға, жобаларды іске асыруға бақылауды күшейтуге және түпкі нәтижесінде халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Жәннат Дүбірова.

Отырыстың қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес цифрландыру коммуналдық сектордың тиімділігін, ашықтығын және басқарылуын арттырудың негізгі факторы болып отырғанын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1185830?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді