
Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында көрнекті айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің және «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдары Бекарысы» атты айтыстар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тағылымды іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман, қоғам қайраткерлері мен белгілі айтыскер ақындар қатысты.
Жиын барысында кітаптың мазмұны, рухани маңызы, ұлттық өнер мен сөз мәдениетін дәріптеудегі орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар авторға ізгі тілектерін білдіріп, еңбегіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, бүгін сағат 14:00-де «Алаштың Бекарысы – айтыстың Бейбарысы» атты республикалық «Наурыз» ақындар айтысы өтеді. Аламан айтысқа еліміздің таңдаулы айтыскерлері – Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев сынды жүйріктер қатысады.
Айтыс Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Мәдениет орталығында» өтеді. Кіру – тегін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1187089?lang=kk

Жауап қалдыру