ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Аманат» партиясының қолдауымен «Алаштың Бекарысы – айтыстың Бейбарысы» атты республикалық «Наурыз» ақындар айтысы өтуде.
Ауқымды рухани шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде айтыстың ұлттық рух пен халықтың үні екенін атап өтіп, сөз додасына қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.
– Айтыс – қазақтың жаны, ұлттың үні. Бұл өнер арқылы елдің мұңы мен мұраты, қоғамның өзекті мәселелері кеңінен көрініс табады. Бүгінгі аламан айтысқа жиналған ақындар – ұлттық рухтың жаршылары. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, төл өнерімізді дәріптеуге жол ашады. Түркістанды рухани-мәдени орталық ретінде дамыту – біздің басты мақсатымыз, – деді қала әкімі.
Айтыстың қазылар алқасына төрағалық етіп отырған – ақын, «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман. Ал айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізуде.
Аламан айтысқа еліміздің маңдайалды сөз шеберлері – Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев сынды кіл жүйріктер қатысуда.
Айтыс барысында ақындар суырыпсалмалық шеберліктерін паш етіп қана қоймай, елдік мүдде, ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді де жырға қосуда.
Мерекелік шара қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Наурыз мейрамының мән-маңызын айшықтай түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1187090?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді