
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1195 Жарлығына сәйкес инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу функциясы прокуратура органдарына жүктелген.
Осыған орай, Түркістан қаласының прокуроры К.Нәрікбаевтың төрағалығымен қала прокуратурасының ұйымдастыруымен инвесторлармен кезекті кездесу өтті. Жиынға кәсіпкерлер палатасының, құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті мекемелердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ инвестициялық жобалар бойынша қабылданатын шешімдерді прокуратурамен келісу мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінде Түркістан қаласы бойынша жалпы құны 475 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 17 жоба толық аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 11 жобаны іске қосу жоспарланса, қалған 26 жоба келесі жылға өтпелі ретінде қарастырылған.
Аталған жобалар өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік сала және қызмет көрсету бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, өндірістік кәсіпорындар, тұрғын үйлер, медициналық орталықтар мен білім беру нысандары салынуда.
Жиын қорытындысы бойынша инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жобалардың уақтылы әрі заң талаптарына сай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытында жауапты органдарға нақты хаттамалық тапсырмалар жүктелді.
Айта кету керек, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1189102?lang=kk

Жауап қалдыру