
Тараз қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлы әрі заманауи форматы — жеке менеджерді үйге шақыру қызметі қолжетімді. Бұл сервис арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді тікелей үйде немесе кеңседе рәсімдеуге болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлағандай, қызметтің мәні — корпорация маманы көрсетілген мекенжайға өтініш берушіге ыңғайлы уақытта барып, қажетті көмекті сол жерде көрсетуінде. Бұл уақытты айтарлықтай үнемдеуге және кезек күтуден құтылуға мүмкіндік береді.
Жеке менеджерді үйге шақыру қызметі 2024 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінде қаланың барлық ХҚКО-ларында қолжетімді. Бұл қызмет әсіресе уақыты тығыз азаматтар, кәсіпкерлер, кішкентай балалары бар ата-аналар, сондай-ақ денсаулығына байланысты уақытша шектеулері бар адамдар және өзге де ХҚКО-ға бара алмайтын жандар арасында сұранысқа ие.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұлдың айтуынша:
«Бүгінде біз мемлекеттік қызметтерді көрсетудің икемді әрі клиентке бағытталған жаңа форматына көшіп жатырмыз. Жеке менеджерді үйге шақыру сервисі азаматтардың жеке қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді және қызмет алу процесін барынша ыңғайлы етеді. Біздің міндетіміз — әрбір тұрғын үшін, оның жұмысбастылығына немесе өмірлік жағдайына қарамастан, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету».
Айта кету керек, аталған сервис бойынша қызметкерлер паспортты, жеке куәлікті, жүргізуші куәлігін рәсімдеуді, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеуді қоспағанда, мемлекеттік қызметтердің барлық спектрін көрсетеді.
Еске салайық, өтінім беру үшін мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөлімін таңдап, тиісті форманы толтыру қажет. Сондай-ақ 1414 қысқа нөмірі арқылы өтінім беруге болады. Өтінім қабылданғаннан кейін қызметкерлер өтініш берушімен байланысып, қосымша мәліметтерді нақтылап, бару уақытын келіседі. Жеке менеджерді үйге шақыру қызметінің құны — 7 447 теңге.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1190904?lang=kk

Жауап қалдыру