
Ерлік — елге мұра: ШҚО ПД-да Ғазиз Байтасовты еске алды
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың туған күніне орайластырылған еске алу іс-шарасы өтті. Жиынға жеке құрам және қызметке жаңадан қадам басқан жас полицейлер қатысты.
Тәртіп сақшылары 2011 жылы 12 қараша күні Тараз қаласында болған қайғылы оқиғаны еске алды. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов теңдесіз ерлік көрсетті: жарылыс қаупін сезген ол еш ойланбастан лаңкесті өз денесімен жауып, бейбіт тұрғындарды аман алып қалды. Өз өмірін қия отырып, офицер ондаған адамның өмірін сақтап қалды және өз есімін антқа адалдық пен қызметтік борышқа беріктіктің символы ретінде тарихқа мәңгілікке жазды.
Аңызға айналған әріптестерінің туған күніне орай Департаменттің акт залында «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді. Нақты ерлікке негізделген кинотуынды жиналғандарға рухтың асқақтығын, жанқиярлық пен офицерлік намысты тағы бір паш етті.
Полиция қызметкерлері үшін бұл фильм патриотизм мен қызметке адалдықтың маңызды сабағына айналды. Ғазиз Байтасовтың төзімділігі мен қайсарлығын үлгі тұтқан Шығыс Қазақстан полицейлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етуде. Оның ерлігі — әрбір құқық қорғаушы үшін батылдық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің мәңгілік темірқазығы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1193470?lang=kk

Жауап қалдыру