
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен құқық қорғау институты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің (кәмелетке толмағандар мен әйелдерге арналған) кітапхана қорын толықтыруға бағытталған қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, олардың жәрдемімен игі іс ұйымдастырылды. Олардың қатарында – Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, қорғаныс, сауда және интеграция, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және ақпарат министрліктері, өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ «Болашақ» қоғамдық қоры бар.
Омбудсмен атап өткендей, кітап оқуға қызығушылық жасына қарамастан сотталғандардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген қызығушылығын оятады және тұлғалық дамудың маңызды ресурсы болып табылады.
Мұндай бастамалар гуманитарлық құндылықтарды нығайтуға, Қазақстан халқы арасында оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді және сотталғандардың әлеуметтік бейімделуі үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Қайырымдылық акциясы бірнеше өңірді қамтыды. Артур Ластаев Алматы қаласында кәмелетке толмағандарға, ал Алматы облысында әйел кісілерге әдебиеттер табыстады. Ұқсас іс-шаралар Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Абай облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан мекемелерде өтті.
Құқық қорғау институты жабық мекемелерде отырған адамдарды қолдауға бағытталған қайырымдылық және ағартушылық жобаларды алдағы уақытта да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman/press/news/details/1193471?lang=kk

Жауап қалдыру