
Кеше ауданда өңірдегі ілгері басылымдардың бірі, ауданның төл үн парағы саналатын, ғасырға жуық тарихы бар «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Өңір журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан басылымның айтулы мерекесіне аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, ақын, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Мәдениет және білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медальдарының иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Казталов ауданының құрметті азаматы», ҚР Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, «Коммунист» газетінде қызмет атқарған ардагер журналист Дариға Мұштанова, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев, «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің директоры Нұрбек Оразаев, сондай-ақ Ақжайық, Сырым, Жәнібек аудандары ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Сырым, Жәнібек аудандық газеттерінің редакторлары, сала мамандары мен ардагерлері қатысты. Кешті жерлесіміз, ұстаз, журналист Жандос Хамза жүргізді.
Тарихы тереңде жатқан басылымның 95 жылдық мерейтойымен құттықтаған аудан әкімі өз сөзінде газеттің қоғамдық ойдың берік мінберіне айналғанын атап өтті.
– Қай кезеңде де баспасөз қоғамның ой-санасын қалыптастыратын, уақыттың тынысын дәл көрсететін маңызды күш болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» және «Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ» деген болатын. Демек, газет – оқу мәдениетін қалыптастыратын, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын басты құралдардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Ауыл айнасы» газеті ауданымызда ағартушылықтың, азаматтық пікірдің, қоғамдық ойдың берік мінберіне айналып келеді. 95 жыл бойы бұл басылым ауылдың тыныс-тіршілігін, елдің мұң-мүддесін, еңбек адамының бейнесін қаламмен кестелеп, уақыттың шежіресін жасап келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениеті мен руханияты, адам тағдыры мен елдік мәселелер – барлығы да осы газеттің беттерінде көрініс тапты. Сондықтан «Ауыл айнасының» аудандағы маңызы зор, оның орны ерекше, беделі биік. Алдағы мақсатымыз – әр аулаға бір газет жеткізу, яғни барлық тұрғынды сапалы ақпаратпен қамту. Қазіргі таңда бұл міндет 50 пайыздан асырып отырмыз. Алдағы уақытта газеттің аудан тұрғындарының өмірінде нақты сенімді серігі болуын қамтамасыз етеміз, – деген аудан әкімі редакция ұжымына ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хатын табыс етті.
Аудандық редакцияда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен сала ардагерлері Дариға Мұштанова, Сырымбек Тұяқов, Мұсағали Тасқалиев, Қайрат Шаманаев, Ақтоты Арекенова, Айша Құлмұхамбетова, Марал Саматова, Рабиға Кенжина, Гүлнәр Алғазиева, Фатиха Дәулетова аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал бұрын «Ауыл айнасында» тілші болып қызмет атқарған, қазіргі уақытта штаттан тыс тілші Миржан Қарабалин облыс әкімінің алғыс хатымен, ұзақ жылдар бойы штаттан тыс тілші болып қызмет етіп келе жатқан Лаура Бердіғалиева БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Газет тілшісі Қыдыр Абдрахманов облыс әкімінің алғыс хатына ие болса, газеттің директор-редакторы Қайрат Жақып, жауапты хатшы Әсем Халиуллина, тілшілер Жұлдыз Талапова және Гүлнұр Бөлешова БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ аудан үн парағының қаламгерлеріне «Жайық Пресс» ЖШС-нің қолдауымен Темірғали Жазбаев, Зәкария Оразаев, Ибат Салыхов, Серік Жұмағалиеа, Мәжит Жаданов атындағы арнайы бір реттік сыйақы табысталды.
Салтанатты шара барысында «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі, жергілікті ақын әрі журналист Қыдыр Харесұлы Абдрахмановтың «Ауылымның ақынымын» атты кітабының тұсауы кесілді. Биыл ақынның мерейлі 60 жасы аудан көлемінде аталып өтпек. Кітаптың тұсауын автордың өзі, Дариға Ғазезқызы, Мұсағали Сабырғалиұлы, Тоқтар Ғабдрашитұлы кесті.
Мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев мерзімді баспасөзге жазылу науқанында жоғары көрсеткішке қол жеткізген мекемелер мен азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, Талдықұдық ауылдық округінің әкімі Эльдар Аманғалиев, Қайыңды ауылдық округінің әкімі Айбол Губашев, Казталов аудандық ауруханасының директоры Руслан Ахметжанов және Казталов аудандық №2 ауруханасының директоры Надежда Васильева «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының алғыс хаттарымен марапатталды. Ал республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырған Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Сәкен Ишанов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторының алғыс хатына ие болды.
Сонымен қатар мерейтойға орай «Ауыл айнасы» газетіне бір жылға жазылған оқырмандар арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Нәтижесінде Жаңажол ауылының тұрғыны Таймат Мұхамбеткереев қой малына, Жалпақтал ауылының тұрғыны Нұржан Меңдіғалиев ірі қараға, ал Әсел Қапсиқова жылқы малына ие болды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1193133?lang=kk

Жауап қалдыру