ҚР Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева «Қазақстандық отбасылар – 2026» ұлттық баяндамасын талқылауға қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстандық қоғамдық даму институтында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашевамен жұмыс кездесуі өтті. Жиын «Қазақстандық отбасылар – 2026» ұлттық баяндамасының құрылымын қалыптастыру және мазмұнын толықтыру мәселелеріне арналды.

Тараптар құжаттың қолданбалы сипатын күшейту қажеттігіне, соның ішінде мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар әзірлеудің маңыздылығына тоқталып, жауапты ата-ана болу, отбасы мен білім беру жүйесінің өзара ықпалдастығы, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мәселелерін басым тақырыптық блоктар ретінде белгіледі.

Снежанна Имашева баяндаманың классикалық талдамалық шолу аясынан шығып, қазақстандық отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағдарланған шешімдер қабылдау құралына айналуға тиіс екенін атап өтті.

Талқылау барысында отбасы және ата-ана рөлдерінің трансформациясы, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен оқыту үдерістеріне қатысуын арттыру, отбасы, мектеп және мемлекеттік институттар арасындағы әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесудің тағы бір басым бағытының бірі институционалдық ықпалдастықты дамыту болды. Тараптар мемлекеттік отбасылық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған үйлестіру, мәлімет алмасу және бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу тетіктерін айқындап алды.

Жиын қорытындысы бойынша тараптардың сарапшылық әлеуетін, талдау ресурстарын және практикалық тәжірибесін отбасы және гендерлік саясат саласында тиімді шешімдер әзірлеу мақсатында біріктіре отырып, жүйелі әрі мазмұнды ықпалдастықты жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ұлттық баяндама жүйелі түрде әзірленіп, Мемлекет басшысына ұсынылады. Құжат – отбасылық саясат саласында басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болатын және аталған саладағы басымдықтарды айқындайтын басты талдамалық құрал.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1194033?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді