Ұлытау облысында инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Дастан Рыспековтың төрағалығымен өткен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысына қатысты.

Аталған алаңда инвестициялық ахуал мен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бас қосты.

Ә.Қуантыров өңірдің жоғары өнеркәсіптік әлеуетін атап өтіп, шикізаттық модельден өңдеуші және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға көшу қажеттігін жеткізді.

«Ұлытау облысы мыс, темір кені, марганец, көмір және сирек жер металдарының ірі кен орындарына ие, бұл өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін зор әлеует қалыптастырады», – деді ол.

Қатысушылар мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде салықтық жеңілдіктерді, инвестицияларды кепілдендіру тетіктерін, «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды сүйемелдеуді және инвестициялық омбудсмен институты арқылы инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.

Кездесуде тараптар минералдық шикізатты терең өңдеу жобаларын, тау-кен металлургия өндірістерін, энергетикалық инфрақұрылымды және ілеспе өнеркәсіптік логистиканы одан әрі дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Жезқазған қаласында делегация бірқатар өнеркәсіптік нысандарды, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан «Ютария» тігін фабрикасын, сондай-ақ салынып жатқан логистикалық және азық-түлік жобаларын аралады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 260 млрд теңгеден асты. Басым бағыттар қатарында химия және өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кластер және индустриялық аймақтар бар. Инвесторларды қолдау және қорғау құралдарына ерекше көңіл бөлінуде. 2030 жылға дейін жалпы құны шамамен 500 млрд теңгені құрайтын 25 жоба пулы қалыптастырылып, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1194060?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді