Отан алдындағы борыш абыроймен атқарылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сарыөзек гарнизонында орналасқан 12740 әскери бөлімінде мерзімді қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды жеке құрам алдында салтанатты түрде запасқа шығару рәсімі өткізілді. Бұл – әскери дәстүрге айналған, Отан алдындағы борышын адал атқарған жауынгерлерге құрмет көрсетілетін маңызды шара.

Аталмыш салтанатты жиынға бөлім командирі полковник Жәнібек Құранбеков, бөлімнің офицерлері мен сержанттары, сарбаздары, сондай-ақ Қербұлақ ауданының құрметті азаматы, Ауған соғысының ардагері, отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев қатысты.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталып, Мемлекеттік Ту салтанатты түрде биікке көтерілді. Бұл рәсім әскери қызметтің маңыздылығы мен Отанға деген адалдықтың белгісі ретінде ерекше әсер қалдырды.

Запасқа шығатын сарбаздар саптық алаңның ортасына шығарылып, әскери тумен қоштасты. Батальон және рота командирлері қызмет барысында үлгілі тәртіп пен жауапкершілік танытқан жауынгерлерге алғыс хаттар мен грамоталар, сондай-ақ шағын естелік сыйлықтар табыстады.

Мерекелік шара барысында бөлім командирі полковник Жәнібек Құранбеков сарбаздарды әскери қызметін абыроймен аяқтағандарымен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ардагер Шерғали Нұрғалиев жас сарбаздарға ақ жол тілеп, Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.

Сөз кезегі үйіне қайтушы сарбаздарға беріліп, олар бір жыл бойы әскери қызмет арасында жинаған тәжірибелерін айтып, командирлер мен әскери ұжымға алғыстарын білдірді. Олар үшін әскери қызмет тек міндет емес, өмір мектебі болғанын атап өтті.

– Әскери қызмет мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Бір жыл ішінде тәртіпке бағынуды, жауапкершілікті сезінуді, қиындықтарға төтеп беруді үйрендім. Әскер маған шыдамдылық пен ұйымшылдықтың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, өз-өзіме деген сенімім артты. Әскери қызметте алған тәжірибем өмір бойы көмегін тигізеді деп ойлаймын, – дейді запасқа шығушы кіші сержант Азамат Ермекбай.

Шара соңында запасқа шығатын сарбаздар жеке құрам алдында саптық шерумен жүріп өтіп, әскери бөліммен салтанатты түрде қоштасты. Бұл көрініс жас жауынгерлердің әскери қызметтегі абыроймен аяқтап, азаматтық өмірге сеніммен қадам басқанын көрсетті.

Осындай тағылымды шаралар жас сарбаздардың бойында патриоттық рухты нығайтып, әскери дәстүрлердің сабақтастығын жалғастыруға ықпал етеді.  

 

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

подполковник Абзал Сартаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak/press/news/details/1195637?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді