
Абай облысында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында ерекше мазмұндағы әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылды. Аталған бейнероликтің басты ерекшелігі – онда балалардың ересектерге қарата маңызды әрі ой салатын сұрақтар қоюы. Жас буын өкілдері жол қозғалысына қатысушы азаматтардың күнделікті әрекеттеріне сырт көзбен қарап, қарапайым көрінгенімен, аса маңызды мәселелерді көтереді.
Бейнеролик барысында балалар: «Неге кейбір жаяу жүргіншілер жол қауіпсіздігі ережелерін елемейді?», «Неліктен адамдар жолды белгіленбеген жерден немесе асығыс кесіп өтеді?», “Неге ұялы телефонға алаңдап, айналадағы қауіп-қатерді байқамай қалады?” деген мазмұндағы сауалдар арқылы қоғамның назарын өзекті мәселеге аударады. Бұл сұрақтар – тек балалардың қызығушылығы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы жол мәдениетінің деңгейін көрсететін маңызды индикатор.
Әсіресе, бейнероликте реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліндегі қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Мұндай өткелдерде жол қозғалысы қатысушыларының жауапкершілігі арта түсетіні белгілі. Осы ретте балалар жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өтер алдында асықпай, жан-жағына мұқият қарап, көлік құралдарының қозғалысын бағалап, өз қауіпсіздігіне толық көз жеткізудің маңыздылығын атап өтеді. Бұл – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді жолдарының бірі.
Сонымен қатар, бейнеролик мазмұны арқылы жолдағы әрбір әрекеттің адам өміріне тікелей әсер ететіні, ал ұқыпсыздық пен немқұрайлылықтың орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екені астарлы түрде жеткізіледі. Балалардың шынайы әрі әсерлі үндеуі көрерменге ерекше ой салып, жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған.
Аталған бастама – өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ғана емес, ересектердің де жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жолдағы тәртіп – баршаның ортақ міндеті екенін ескерсек, әрбір азаматтың саналы әрекеті адам өмірін сақтап қалуға ықпал ететіні сөзсіз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1196805?lang=kk

Жауап қалдыру