
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына орай «Самғау» оңалту орталығында жасыл желек қорын көбейту мақсатында ағаш көшеттері отырғызылды. Акцияға Halyk Bank-тің облыстық филиалының ұжымы белсенді түрде атсалысып, әлеуметтік нысанға түрлі ағаш көшеттерін сыйға тартты.
Банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Самат Бекбашов пен орталық директоры Гүлнұр Сауртаева құттықтау сөз сөйлеп, аталған шараның экологиялық тәрбиені арттырудағы маңызын атап өтті. Бұл бастама орталықтың жасыл алаңын көбейтіп қана қоймай, қызмет алушылар мен ұжым мүшелеріне экологиялық мәдениетті насихаттаудың үлгісі болды.
Игі бастама «Көңілді күн» атты мерекелік шарамен жалғасын тапты. Оңалту орталығының мәдени ұйымдастырушылары Балнұр Бекаева мен Батырбек Ахметов орындаған мекеменің әнұранына айналған әуезді ән шараға ерекше сән берді. Сонымен қатар, қызмет алушылар да әннен шашу шашып, шараның көркін қыздырды.
Айта кетейік, орталықты көгалдандыру жұмыстары аясында жыл сайын ағаш көшеттері отырғызылып, сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атқарылған жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі бастамалардың бір бөлігі болып табылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1198811?lang=kk

Жауап қалдыру